- Негізгі бет
- Аспаздық
- Döner kebap үй...
Döner kebap үй жағдайында қалай жасалады?
Бәріміздің де асыққанда немесе іш пысқанда бас қосып жейтін тағамымыз донер-кебаб екені рас. Әсіресе жолда мұндай азық жеуге ыңғайлы екенін жасыра алмаймыз.
Кеше ғана BBC News агенттігі донер-кебабты алғаш жасаушы саналатын Кадир Нурман (Kadir Nurman) 80 жасында қайтыс болды деп хабар таратты. Барлығымыздың да сүйікті асымызға айналған донер-кебабтың авторына алғыс білдіре отырып, оның жақын туыстарына көңіл айтамыз.
Осыдан да, донер-кебаб дегеніміз не және оның қалай, неден жасалатыны жайлы мәлімет беруді ұйғардық. Және үй жағдайында бұл тағамды қалай жасау керек екені жайлы қосымша ақпарат бере кетейік... «Донер» деген сөздің өзі еттің «айналуы» керек екенін білдіреді. Өздеріңіз де оның қалай айналып тұратынын бірталай мәрте көрген боларсыздар, тауық етінен жасалған жалпақ еттің бірнеше қабат болып сүңгі темірде айналып тұруы оның барлық тұсының да отқа бірдей күюін қамтамасыз етеді. Оны жасаушы қалай жұқалтып кесіп, арнайы қамырға түрлі көкөніспен орап беретінін де білеміз. Десек те, дәл осылай өзіңіз жасап көрсеңіз, сатып алынған донердей болуы неғайбыл. Бұл қалай болғаны? Шығыстық атмосферада жасалған тамақ неліктен бізге дәмді көрінеді? |
Керекті ингридиенттер:
1 келі қызыл ет, 3 пияз, сарымсақтың 3 түйірі, 70 гр. зәйтүн майы, 125 гр. сүт, тұз, қара және қызыл бұрыш, дәм бойынша басқа да дәмдеуіштер, жебіршөп. Томат соусына: 250 гр. томат езіндісі, 0,5 шыныаяқ су, 2 шыныаяқ сарымай, тұз, дәмі бойынша бұрыш және түріктің пиде қамыры.
Pide (пиде) - түрік наны, қамыр
Жасау:
Пияз бен сарымсақты тазалаймыз, оларды майдалап турап, терең табаққа (тегене) саламыз. Зәйтүн майын қосамыз, сүт құямыз және дәмдеуіштерді салып, жақсылап тұрып араластырамыз. Араласқан сұйықтыққа бірнеше бөлікке бөлінген етті салып, 3-4 сағат уақытқа тоңазытқышқа қоямыз. Бұдан кейін маринадты төгеміз де, еттерді ас пленкасына нығыздап орап, бір түнге тоңазытқыштың жоғарғы суық қабатына сақтаймыз. Келесі күні етті майдалап тураймыз, табаққа сарымаймен қуыра бастаймыз.
Соусқа барлық қосымшаларды (ингридиенттерді) кішігірім табаққа салып араластырамыз да, 3-4 минут уақытқа бұқтырамыз.
Пидені төртбұрыштап кесеміз, бірнеше минут құрғақ табақта қыздырамыз (қуырмаймыз!), сосын дастарханға қояр ыдысқа саламыз. Пиде бетіне томат соусын саламыз, үстіне дайын етті қоямыз. Етті қуырған майды үстіне құю керек. Міне, осы күйінде йогуртпен қонақ алдына қойған жөн. Үстіне көк шөп немесе көкөніс қойып бірге ұсынса болады.
Донер-кебаб дайын! Afiyet olsun!
Дайындаған: Анара Мұстафина
Сурет: kushaem-vkusno.com
А. Құлтай