Массагеттен мәзір: Нудли

Массагеттен мәзір: Нудли
Фото: massaget.kz

Нудли тағамы етпен дайындалатын штрудельге ұқсайды. Оның айырмашылығы – қамырының айранмен дайындалуында. Өте дәмді нудли тағамының қамыры үлбіреп тұрады. Ерекше кешкі астың дайындалу жолын ұсынамыз.

Қажетті азық-түліктер:

- ет;
- 1 пияз;
- 1-2 сәбіз;
- 1 кг картоп;
- 1 уыс үрме бұршақ (фасоль);
- дәмдеуіштер;
- 1 стақан айран;
- 1/4 ас содасы;
- 1 шым шым тұз;
- ұн;
- жарты кесе өсімдік майы;
- 2 сарымсақ;
- аскөк.

Пиязды жіңішке етіп турап, майға қуырамыз.

Етті ірі етіп тураймыз. 

Пияздың үстіне етті саламыз. Өзіңіз қалаған дәмдеуіштерді қосуға болады.

Үрме бұршақты жуып, бөлек ыдысқа суға қайнатып, пісіріп аламыз. Бұл тағамға үрме бұршақты қосу міндетті емес. 

Сәбізді ірілеп турап, оны да қазанға саламыз.

Етке аздап су құйып, оған піскен үрме бұршақты салып, 20-30 минут шамасында жай отта қайнатамыз.

Картопты тазартып, ірілеп тураймыз.

Картопты қазанға салып, олар батып тұратындай етіп су құямыз. Су қайнағанда тұзын тексеріп алыңыз. 

Картопты салған бойда қамыр дайындауға кірісеміз. Ол үшін айранға сода мен тұз салу керек. Сода болмай қалса, аздап ашытқы мен қант салып жіберуге болады.

Айранға жұмсақ қамыр болғанша ұн саламыз.

Кесеге сұйықмай құйып, оған ұсақтап туралған сарымсақ пен аскөкті салып дайындап қоямыз.

Қамырды жайып, оның үстіне май қоспасын жағамыз. Қамырды өте жіңішке етіп жаюға болмайды. 

Қамырды ораймыз.

Оралған қамырды бөліктерге бөлеміз.

Картоп пісуге аз қалғанда қамыр бөліктерін салып жібереміз. Қамыр шамамен 10 минутта піседі.

Нудли тағамы дайын!

Астарыңыз дәмді болсын!

А. Жапатова