- Негізгі бет
- Аспаздық
- 5 минутта дайын...
5 минутта дайын болатын джем
Барлығымыз білетініміздей тосап қайнатуға ұзақ уақыт кетеді. Оны жасауға ерінгенімізбен, қыс мезгілінде тосап қосылған тәтті шай ішкенді бәріміз жақсы көреміз. Уақыты жоқ жұмысбастылар мен еріншектерге арнап тосаптың бір түрі джемді 5 минутта дайындау әдісін ұсынып отырмыз.
Джем қайнатудың тиімді тұсы: ол тосаптай ұзақ қайнатылмайтын болғандықтан, жеміс дәрумендері қасиеттерін сақтап қалады.
Ал, біз джемді шабдалы, алма және кизил жемісінен дайындағалы отырмыз.
Алдымен, кизил жемісін жуып алған соң, оны уақ елекке салып еземіз. Ол үшін арнайы құрал пайдалансаңыз да болады.
Шабдалы мен алма жуып, тазалаған соң, шағын төртбұрыш етіп тураймыз.
Барлығын джем қайнататын қазанға салып, үстіне лимон шырынын құямыз. Немесе оның орнына дүкендерде сатылатын пектин пайдалансаңыз да болады. Ол қант шығыны мен уақытты үнемдеуге көмектеседі.
Енді қант саламыз және жемістерді жақсылап араластырамыз. Соңында жемістер жұмсарғанға дейін 5-10 минут қайнатамыз.
Тәтті джем дайын!
А. Оралқызы