5 құрлықтан 5 тойымды таңғы ас

Әр халықтың тамақтануында өзіндік ерекшеліктер бар, бірақ бәрімізді біріктіріп тұратын ұқсастық та жоқ емес. Ол – таңғы астың бүкіл күнге қуат берерлік тойымды болуы. Әрине, жер жүзіне кеңінен таралған – қуырылған жұмыртқа, жарма, сэндвич сияқты таңғы ас түрлері бар. Сонымен қатар тек өз елінде үлкен сұранысқа ие тағамдар да жоқ емес. Ендеше, таңғы асқа күнделікті жаттанды тағамдарды дайындай бермей, оны түрлендіріп тұруды жөн көретін жандардың назарына 5 құрлықтың 5 түрлі таңғы асын ұсынамыз.

Еуропа. Ирланд скирлиі

Ирланд асханасы қарапайым, әрі тойымды: онда ет, балық, жаңғақтар мен орман жидектері көп. Ирландияның халқы ата дәстүріне берік, сондай-ақ атадан балаға мұра болып келе жатқан тағамдары да бүгінде сан ғасырлық мәзірмен дайындалады. Ирландықтар таңертең тойып тамақ ішкенді жөн көреді. Таңғы асқа дайындайтын құнарлы астарының бірі – скирли, яғни етпен сұлы жармасы.

Керек заттар:

– фарш — 500 г
– сұлы жармасы — 200 г
– сарымай — 200 г
– пияз — 3 дана
– тұз, бұрыш, дәмдеуіштер – дәміне қарай
– қуырылған жұмыртқа мен саумалдық (шпинат) – дәміне қарай.

Дайындалуы:

Пиязды ұсақтап турап, сарымайда қуырамыз. Оған фарш, тұз, бұрыш, дәмдеуіштерді қосып, тағы да қуырамыз. Сұлы жармасын блендермен ұсақтап, қуырылып жатқан фаршқа қосып, бірнеше минут қуырамыз (су қосуға болады).

Оңтүстік Америка. Колумбиялық чангуа

Мұнда испандық асхана мен жергілікті үндістердің дәстүрлері сақталған. Бұл жақтың халқы бұршақ тұқымдастар, жүгері, көкөністер мен етті жақсы көреді. Колумбиялықтардың сүйікті таңғы асы – чангуа сорпасы.

Керек азық-түліктер:

– су — 500 мл
– сүт — 500 мл
– кинза — дәміне қарай
– жасыл пияз — 5 сабақ
– картоп — 1 дана
– ұсақталған сарымсақ
– жұмыртқа — 4 дана
– сарымай — 1 ас қасық
– тұз, бұрыш — дәміне қарай
– зире (тмин)

Гарнирге:

– Жұмсақ ірімшік (төртбұрыштап туралған)
– кинза
– пияз (ұсақталып туралған)
– тост (қақталған нан тілімдері)

Дайындалуы:

Қазанға су мен сүтті құйып, оған сарымай, тұз, картоп, кинза мен сарымсақты салып, 10 минут қайнатыңыз. Сорпа қайнағанда жұмыртқаның сарысын формасын бұзып алмай, сорпаға салыңыз. Жұмыртқа піскенше қазанның қақпағын жауып, бірнеше минут күте тұрыңыз. Дастарқанға қояр әр табаққа туралған жасыл пияз сабағы, кинза мен ірімшікті салыңыз. Одан кейін қазаннан жұмыртқаны алып табаққа әдемілеп орналастырыңыз. Оның үстінен қазандағы сорпаны құйыңыз.

Америка. Мексикандық чилакилес

Мексикандықтар тойымды әрі көптеген көкөністер мен, әрине, ащы бұрыш қосылған қарапайым тағамдарды ұнатады. Олардың таңғы асқа дайындайтын дәстүрлі тағамдары – тойымды чилакилес.

Керек азық-түліктер:

– Жүгері қытырлақтары (кукурузные чипсы) — 13-14 дана
– соус — 2 кесе
– су — 1/2 стакан
– пісірілген тауық еті — 300 г
– үккіштен өткізілген чедер ірімшігі— 2 кесе
– қызанақ — 1 дана
– пияз — 1 бас
– қаймақ — 2 ас қасық
– жұмыртқа — 1 дана

Дайындалуы:

Қазанға суды құйып, соус пен ұсақталған тауық етін салып, баяу отта қайнатыңыз. Пісірілген тауық етінен жасайтындықтан оны отқа тек қыздырып алу үшін қоямыз. Қызған кезде жүгері қытырлақтарын салып, араластырыңыз. Жүгері қытырлақтары езіліп кетпесін, олар жұмсара сала қазанды оттан алыңыз. Бұл қоймалжыңға жарты кесе ірімшікті салыңыз. Қазандағыны түгелдей дастарқанға қоятын табақтарға салыңыз. Табақтардың бетіне қалған жарты кесе ірімшікті себіңіз. Оны 1 минутқа микротолқынды пешке қойыңыз. Пештен алған соң 10 минут суытып, қаймақты қосыңыз.дастарқанға қояр алдында тамақты қуырылған жұмыртқамен әсемдеңіз.

Азия. Үнді үй йогурты дахи барай

Үнді асханасының негізі – көкөністер, сүт тағамдары мен түрлі жарма. Үнділіктердің көпшілігі вегетариандар және олар дұрыс тамақтануды бірінші орынға қояды. Үндістің таңғы асы жеңіл, бірақ өте пайдалы әрі құнарлы. Таңғы астарының бірі – үй йогурты дахи. Оны әдетте кешке ұйықтар алдында дайындап қояды.

Керек азық-түліктер:

– сүт — 500 мл
– йогурт — 2 ас қасық
– жемістер — қалауына қарай
– көк-сөк — дәміне қарай

Дайындалуы:

Сүтті пісіріп алған соң үнемі араластыра отыра тағы 5 минут қайнатамыз. Одан кейін 47 градусқа дейін салқындатып аламыз. Стериленген (міндетті түрде) банкіге 2 ас қасық йогурт пен қайнаған сүтті құямыз. Жақсылап араластырып, 5-6 сағатқа қоямыз. Ал таңертең дастарқанға қояр алдында оған туралған жемістер салып, көк-сөкпен әсемдейміз.

Африка. Мысырлық фуль

Мысыр асханасы – арабтың классикалық дәмдерінің үлгісі. Мұндағылар тәттілерді, бұршақ тұқымдастар мен жармаларды жақсы көреді. Ал таңғы асқа фуль дайындайды. Оны кейде дастарқанға ыстықтай ұсынады. Кейде жұқа шелпекпен береді. Фульді міндетті түрде кешке дайындау керек.

Керек азық-түліктер:

– Құрғақ бұршақтар — 2 стакана
– Қызыл жасымық (чечевица)— 2 ас қасық
– қызанақ — 1 дана
– пияз — 1 дана
– сәбіз — 1 дана
– сарымсақ — 2 дана
– жұқа шелпек — 1 дана (қалауына қарай).

Дайындалуы:

Кеше жақын бұршақ тұқымдастарды жуып тазалап, су құйып, 1 сағатқа қою керек. Бір сағат судан тұрғаннан кейін оны жасымықпен бірге қазанға салып, қызанақ (турамай, бүтіндей) пен сарымсақты қосып, су құю керек. Оны 10 минут қайнатыңыз. Одан кейін өте баяу отта 6 сағат бұқтыру керек. Ал таңертең пісейін деп қалған бұршақ тұқымдастарға 1 стакан қайнаған су құйып, араластырып, дайын болғанынша тағы қайнату керек. Содан кейін дастарқанға ұсынуға болады.

Дереккөз: anabol.kz