Тарихтағы тұңғыш тыңшы әйел

Тарихтағы тұңғыш тыңшы әйел

Батыс жұртының тыңшылыққа қатысты жазбаларында Делила дүние тарихындағы тұңғыш әйел тыңшы ретінде қаралады. Ол жаңа эрадан бұрынғы Х ғасырда өмір сүрген. Делила (Delilah) сөзі ағылшын танымында тыңшы әйел деген атауға пара-пар қолданылады.

Делила өмір сүрген заман қуғын-сүргіні мен дау-дамайы толастамаған заман екен. Оның балалық шағы кедейлікпен өткенімен ерекше ақылды, зерек болып өсіпті. Ол Палестин еліндегі екі күшті ұлыс Филистимляндар мен Еврейлердің жерге таласып, қызыл-қырман соғыс жүргізіп жатқан жылдары еді. Еврейлерден Мұса есімді батыр шығып, өз бауырларын азап пен қиыншылыққа толы Египет елінен Палестин еліне орналастырыпты, әйтсе де, олар Филистимляндардың қарсылығына тап болады. Жерін қорғаған Филистимлян жұртын бір-ақ түнде қырып, ерлерін құл, әйелдерін күң етеді.

Екі ел арасындағы соғыс ұзаққа созылады. Ақыр соңында Филистимлян елі қайта басымдылыққа өтіп, Еврей жұртын ығыстыра бастапты. Сол кезде Еврейлерден Самсон есімді батыр шығады, жаулары оның атын естігенде зәрелері ұшып, қарсы аттап баса алмай алмайды екен. Ержүрек, батыр Самсонды бағындырмаса, Еврей жұртын жеңе алмайтынын білген Филистимляндар, батырдың әлсіз тұсын іздей бастайды. Барлық батырларға ортақ атаққұмарлық Самсонның да бойында бар-ды. Филистимляндар сұлу да, айлалы Делиланы Самсонның қасына жұмсайды. Самсон да оны қатты ұнатып, сырын айтады. Сонда Делила: «Батырым, сіз дүниедегі ең күшті адамсыз, дүниеде сізді қорқыта алар не бар?» деп сұрайды. Самсон алдамшы әйелдің тіліне еріп, өзінің жеті қабат өрілген қайыстан қатты қорқатынын, онымен өзін байласа босанып шыға алмайтынын айтады.

Самсонның шашын қырқып жатқан Делила

Самсонның шашын қырқып жатқан Делила

Делила құпияны Филистимляндарға айтады. Жаулары батырды жеті қабат өрілген қайыс арқанмен байлайды. Бірақ, Самсон дұшпандары ойлағандай ақымақ емес екен. Ол өтірік айтыпты. Филистимлян әскерін қырып, бұғаудан босанып келген Самсон Делиланы өлтірмекке ұмтылады. Атаққұмар еркекті жеңудің жақсы амалы жылау екенін білетін әйел Самсонның бауырына тығылып: «Мені Филистимляндар мәжбүрледі, мен байқұста не амал бар дейсің?» деп егіле түседі. Жүрегі елжіреген батыр, әйелді тіптен жақсы көре түседі де, оған шын сырын айтады. Самсон: «Күш-қуатымның бәрі шашымда, шашымды қырқып тастаса, менің жай адамдардан айырмашылығым болмай қалады» дейді. Делила ұйқыдағы батырдың шашын қырқады да, өз жақтастарына хабар береді. Филистимляндар Самсонды кісендеп, зынданға тастайды.

Филистимляндар жыл бойы тойлайды. Делила да жыл бойы сайқал күлкісінен тыйылмайды. Жаулары батыр шашының қайта өсіп кететінін ұмыт қалдырса керек, бір жылдан кейін Самсон қайта қаһарына мініп, бар жауын қырып салады.

Заман өтіп батыр да, Делила да өмірден өтеді. Замсонның құлыптасына: «Ол – әйелдер болмағанда нағыз қаһарман болар еді» деген сөздер жазылса, Делиланың құлыптасына: «Ол – бір қаһарманның түбіне жетті, сонымен қатар бір қаһарманды жаратты, қалай айтсаңыз да, ол осылай істей алған әйел. Мәңгі еске алуға лайық» деп жазылған.

Тыңшылықтың түрі мен техникасы дамыған заманда тарих қойнауында қалған бұл әңгімені еске алып отырудың қажеті де жоқ болар, бірақ, теңдесі  жоқ батырдың да әлсіз тұсы – әйел заты. Ерді ер қылатын да, жер қылатын да – әйел екенін жігіттер қауымы естен шығармағаны жөн.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: wikimedia.org

M. Auelkhan