Зәйтүн майы тамақ өнеркәсібінде ғана емес, косметика жасау саласында да үлкен сұранысқа ие. Тері күтіміне тигізер көмегі көп. Зәйтүн құрамындағы А, Е, B, D, K дәрумендері – нағыз сұлулық бұлағы іспеттес. Зәйтүн майы теріні жұмсартып, қоректендіреді. Әсіресе, құрғақ тері үшін ол – таптырмас ем. Ылғалды ұзақ уақыт ұстап тұрады, тері жасушаларының қайта қалпына келуіне себепші болып, әжімдердің алдын алады.
Тері күтімі
Құрғақ теріге ерекше күтім қажет. Мұндайда көмекке зәйтүн майы келеді. Лосьон дайындау үшін:
– 3 ас қасық зәйтүн майы
– 4 ас қасық қияр шырыны
– ½ шай қасық ас содасы
– 1 шай қасық раушан суы (розовая вода) керек.
Бұлардың барлығын жақсылап араластырып, дайын болған қоспаны бетке жағып, бір минуттан кейін жылы сумен жуыңыз. Мұндай лосьонды үш күннен артық сақтауға болмайды. Қияр шырыны тез бұзылып кетеді.
Майлы тері үшін зәйтүн майы мен лимон шырыны қосылған лосьон дайындаңыз. Ол үшін жоғарыдағы лосьон құрамындағы қияр шырынының орнына лимон шырынын, ал ас содасының орнына тұз қосыңыз.
Зәйтүн майынан дайындалатын теріні әлдендіретін, қоректендіретін маска майлы тері үшін де, сондай-ақ құрғақ тері үшін де өте пайдалы. Ол үшін:
– 1 шай қасық зәйтүн майы
– 1 шай қасық қаймақ
– 1 шай қасық лимон шырыны
– 1 шай қасық сәбіз шырыны
– 1ас қасық ашытқы керек.
Барлығын араластырып, бетіңізге жағыңыз. 10-15 минуттан кейін салқын сумен жуыңыз.
Көздің айналасындағы нәзік теріні нәрлендіріп, ондағы ұсақ әжімдерді жазу үшін де зәйтүн майын қолданыңыз. Ол үшін жылытылған майды көздің айналасына жағып, 30 минуттай көзіңізді жұмып жатыңыз. Мүмкін болса, бұл процедураны күнделікті кешкісін қайталап тұрған дұрыс.
Құрамындағы Е дәруменінің арқасында зәйтүн майы тері жасушаларының қайта қалпына келуіне көп көмек болады. Осы орайда терінің созылуын да зәйтүн майымен «емдеу» өте тиімді. Сондықтан іштегі (қарын), кеудедегі, жамбастағы созылған теріні қайта қалпына келтіру үшін зәйтүн майын қолданыңыз. Ол үшін зәйтүн майына 1-2 тамшы лимон не апельсин майын қосып, созылған теріні сүртіңіз.
Шаш күтімі
Зәйтүн майы шашты нәрлендіріп, оны жібектейін жұмсартып, жылтыратады.
– Басыңызды жуар алдында саусақтарыңызды зәйтүн майына малып алып, 10 минуттай бас терісіне массаж жасаңыз. Ал одан кейін басыңызды жылы сумен шайып алып, әдеттегідей жуа беріңіз.
Шашыңыздың көлемін арттырып, жылтыратқыңыз келсе:
– 2 ас қасық зәйтүн майы
– 1 жұмыртқа
– 1 шай қасық алма сіркесуы немесе балды араластырып, шашқа жағып, 10 минуттан кейін жылы сумен шайыңыз. Нәтижесі көңліңізден шығады.
Шаштың ұштануын тоқтату үшін оған нәрлендіретін компресс жасаңыз. Бір стаканға жылытылған зәйтүн майын құйып, шаштың ұшын соған салып, 10-15 минут отырыңыз. Одан кейін шаштың ұшын желке тұсыңызға жинаңыз. Басыңызды жылылап орамалмен ораңыз. Жарты сағаттан кейін қалған майды сумен шайыңыз. Мұндай компресті аптасына бір рет жасап тұру артық болмайды.