- Негізгі бет
- Сымбат
- Йогамен айналысудың пайдасы...
Йогамен айналысудың пайдасы бар ма?
Қазір спортпен айналысу сәнге айналды. Ер балалар жаттығу залынан шықпаса, қыздарымыз би, йога, фитнес не аэробикаға қатысады. Соның ішіндегі ең пайдалысы - йога.
Йога ойыңызды жинақтап, сезім мен эмоцияңызды түсінуге көмектеседі. Нәтижеге жетуді қаласаңыз, жаттығуларды дұрыс орындауыңыз керек. Бастапқыда йога жаттықтырушысымен жұмыс жасаған жөн. Себебі, жаттығуды қате орындасаңыз, жарақат алуыңыз мүмкін.
Йоганың көмегімен ағзаны қалыпқа келтіруге болады. Алайда ол үшін үздіксіз жаттығу керек. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанып, ұйқы режимін бұзбай, алкоголь мен никотиннен бас тартқан жөн.
Йога иммунитетті қалыпқа келтіруге де көмектеседі. Себебі, жаттығу кезінде органдар мен тіндер қимылдап, қан айналымы жақсарады. Бірден күрделі жаттығудан бастамаңыз. Алдымен жеңіл, оңай жаттығудан бастап, уақыт өте келе техниканы күрделендіресіз. Дегенмен, бәрі сәтті болсын десеңіз, арнайы жаттықтырушының бақылауымен жасаған жөн.
Йога дененің иілгіштігін дамытады. Уақыт өте келе денеңізге «жан біткендей» болып, бұлшықет тіндері жұмсарып, созылғыш болады және сіңір, тамырлар ауруы басылады. Фитнес пен аэробика йоганың орнын баса алмайды. Себебі, олар бұлшықетті өсіруге көмектеседі. Ал йоганың мақсаты мүлде өзге.
Жүрегі ауыратын адамдарға йога зиянды емес. Жаттығулар жүрек соғуы мен қан қысымын көтеріп жібермейді. Дегенмен жазылмас бұрын өз дәрігермен кеңесіп алған дұрыс.
Егер сколиозбен (омыртқа қисаюы) ауыратын болсаңыз, йога оны емдеуге көмектеседі. Ол үшін жаттықтырушымен арнайы жаттығу бағдарламасын дайындау керек.
Йога арықтауға да көмекші. Әрине, бірнеше айдың ішінде артық салмақтан толықтай арылу қиын. Бірақ бір жылдан кейін денеңіз сымбатты, тартымды болады. Бар болғаны йогамен үздіксіз айналысып тұруыңыз керек.
Ал сіз бұл туралы не ойлайсыз?
Ф. Абилова