Ыстық сүлгімен жуыну — бет терісі күтімінің сәнді әрі әмбебап әдісінің бірі. Бұл әдіс қарапайым және қолжетімді болғандықтан, ол бүкіл әлемдегі қыздардың арасында жылдам танылды. Ендеше, қажетті әсерді алу үшін оны қалай орындау керегін ұсынамыз.
Бұл тренд қалай пайда болды?
Бір нұсқа бойынша, бұл бетті тазарту әдісі Түркиядан шыққан. Көп жылдар бұрын қоғамдық моншалар танымал болған кезде қонақтарға қолға, аяққа және бетке арналған бөлек-бөлек бірнеше сүлгі беретін болған. Бетке арналған сүлгіні ыстық суға сулап, бетке бірнеше минутқа қоюды ұсынған. Осылайша, келушілер басқаларға алаңдамай, босаңсып, демала алған.
Сондай-ақ, XIX ғасырдың басында ыстық сүлгілер ерлерге арналған шаштараздарда қолданылған. Шеберлер келушілерді қыруға кіріспес бұрын беттеріне ыстық сүлгілерді қоятын болған. Бұл әрекеттерімен олар теріні буда ұстап, шаштарды жұмсартқан. Сол кезде қыру жеңілдеген.
Қазір ыстық сүлгімен жуыну теріні өздігінше тазартудың қолжетімді әдісіне айналып отыр. Бұл процедураны көпшілік косметологқа барумен де салыстырады. Одан кейін тері жұмсарып, келесі процедураларға немесе күтім және сәндік косметиканы жағуға дайын болады.
Бет терісін ыстық сүлгімен сүрту жұмсақ пилингті ауыстыра алады. Себебі бұл процесс кезінде өлген жасушалар қабыршақтанады. Оған қоса, процедураның өзі жағымды, көп уақыт алмайды және кез келген тері типіне келе береді.
Бұл процедураға қандай сүлгі таңдаған жөн?
Бьюти-мамандардың көпшілігі ыстық сүлгімен жуыну процедурасына фланель сүлгі қолдануды ұсынады. Процедура тиімдірек болуы үшін оған майлар негізіндегі жуынуға арналған құрал (сондай-ақ, гидрофильді май, эфир майлары бар бальзам немесе көбік) қолдануға болады.
Терісі сезімтал әйелдер муслин сүлгі таңдаған жөн. Себебі бұл мата қатты емес, ол теріні зақымдамайды.
Процедураға бір сүлгі арнап, онымен тек бетті сүрту керек. Әйтпесе, ондағы бактерияларды көбейтіп, сезімтал бет терісіне зиян келтіресіз. Әр процедурадан соң сүлгіні жуып, кептіру керек.
Ыстық сүлгімен қалай дұрыс жуыну керек?
Ыстық сүлгімен жуыну процедурасы үш кезеңнен тұрады. Жақсы әсер болу үшін оны нұсқаулық бойынша орындаңыз.
1-қадам: Бет терісін тазарту
Теріні күні бойы жиналған ластықтан және косметика қалдығынан тазарту үшін алдымен қолыңызды жақсылап жуып алыңыз. Содан соң аздап тазартушы құралды алақаныңызға құйып, көпіртіп, жылытыңыз. Оны бет пен мойынға массаж жасай отырып жағыңыз. Тазартушы құралды құрғақ бет терісіне жағу маңызды. Оны бет терісіне бірнеше секунд уқалап, келесі кезеңге кірісіңіз.
2-қадам: Бет терісін ыстық сүлгімен тазарту
Таза фланель немесе муслин сүлгіні ыстық суға сулап, жақсылап сығыңыз. Содан соң оны бетке қойып, 1-2 минутқа қалдырыңыз. Сосын барлық ластықты кетіру үшін сүлгіні әр жаққа қозғаңыз. Гидрофильді май немесе бет жуатын көбікпен бірге өлген тері қабатынан да арыласыз. Бетіңізді сүлгімен теріні барынша тазартқаныңызды сезгенше уқалаңыз.
3-қадам: Жуынудың соңғы кезеңі
Бұл кезеңде жұмсақ тазартушы құралды пайдалану арқылы тағы да жуыну керек. Бұл мақсатта консистенциясы жұмсақ кремдер, гельдер немесе көбіктер жақсы келеді. Бетті жуып болған соң теріні қағаз майлықпен құрғатып, қоректендіруші немесе ылғалдандырушы крем жағып қойыңыз.