Ыстық қайшымен шаш қию жайлы естіген боларсыз? Бірақ оның ерекшелігі немесе артықшылығы қандай?
Атауы айтып тұрғандай, бұл процедура кезінде шашты қимас бұрын қайшы нақты температураға дейін қыздырылады. Ол үшін жылуды бақылауға мүмкіндік беретін арнайы құрал қолданылады. Температура шаш ерекшелігіне, мысалы, қалыңдығына байланысты таңдалады. Жалпы ол 180-230 градустан аспайды.
Термоқайшының көмегімен ұзындықты реттеп қана қоймай, шаш үлгісін күтімсіз көрсететін үлпілдек шашты алып тастауға болады. Ол үшін шаштараз шашты бөліктерге бөледі, олардың әрбіреуін қатты етіп бұрап, артық шығып тұрған шашты ыстық қайшымен қиып тастайды. Егер шаш бүкіл ұзындық бойынша ұшталып жатса, оны ыстық қайшымен қию тиімді.
Ыстық қайшымен қиюдың артықшылығы
Оның бірінші артықшылығы — ол қарапайым шаштараз құралына қарағанда шашты азырақ зақымдайды. Ол шаш құрылымын бұзбайды. Ыстық қайшының жылуы шаш ұштарын «бітеп» тастайды, ал ол оның қайтадан ұшталып кетуіне жол бермейді. Одан соң ұзаққа дейін шаш күтімді және жинақы көрінеді. Бұл процедурадан шашыңыз жанып кетпейді және қандай да бір артық жылуды сезінбейсіз.
Ыстық қайшымен қиюдың кемшілігі
Ыстық қайшымен шаш қидыртудың бағасы қарапайымға қарағанда сәл жоғары. Барынша жақсы нәтиже алу үшін тек бір рет бару жеткіліксіз, шашқа полировка жасағыңыз келсе, салонға тағы екі-үш рет баруыңыз керек болады. Сондай-ақ шаштараздар шаш үлгісін әр айда бір рет жаңартуды ұсынады.
Шашты ыстық қайшымен қидыртқаннан кейін оған қалай күтім жасау керек?
Одан кейін фен, шаш бұйралағыш немесе түзеткіш құралдарды жиі пайдаланбаңыз. Егер мұндай құралдарды қоданбай жүре алмасаңыз, ең болмағанда термо-қорғаныш жайлы ұмытпаңыз. Сондай-ақ шашты, әсіресе, ұштарын ылғалдандыру керек. Сондықтан ылғалдандыратын сусабын, бальзам және маскалар таңдаңыз. Шашқа арналған майлар да шашты жақсы ылғалдандырады.