Сымбат журналдарының ауызынан түспеген косметика әлеміндегі жаңалық ВВ крем деген не? Оны қалай қолдану керек? Пайдалы ма, зиян ба? Осы сұрақтарға жауап ізделік.
ВВ аббревиатурасы ағылшынша Blemish Balm, яғни "кемшілік жасыратын бальзам" дегенді білдіреді. Әу баста бұл крем пластикалық операцияда не өте терең пилингтен өткен пациенттерге арналған болатын. Бұндай адамдардың терісіне ерекше ұқыпты күтім, тері ұлпаларының қалпына келуі, қызарған жерлер мен тыртықтардың жазылуы және күн сәулелерінен максималды қорғаныс керек. Бұл крем осы сұраныстарды қанағаттандыра алды.
BB крем реңк беруші крем сияқты сарғыш-қоңыр түсті келеді. Тіпті олардың түрлі реңктері де бар. Алайда ВВ кремнің реңк беруші кремнен айырмашылығы бар. Ол күндізгі ылғалдандырушы кремнің қызметін атқарып, терінің ақауларын жасырады. Оның жақсы жері де осы: ВВ кремнің алдында қарапайым крем жағу қажет емес.
Әрине ВВ крем барлық косметикалық құралдарды алмастыра алмайды. Теріні тазарту мен пайдалы маскалар жайлы ұмытпаңыз. ВВ крем бір ыдыста ылғалдандырғыш крем, SPF көрсеткіші бар күн сәулелерінен қорғайтын крем, консилердің жақсы қасиеттерін сақтайды.
ВВ крем күндізгі макияжды жасауда өте пайдалы. Алайда кешкі салтанатты макияж үшін реңк беруші кремді қолданған дұрыс. Осылайша тері ақауларын жақсылап жасырып, кеш бойы макияж жайлы уайымдамайсыз.
Дәстүрлі ВВ крем бетке жақсы жағылады, алайда жабысқақтық қасиеті бар. Сондықтан одан кейін опа қолданған дұрыс.
Ал сіз ВВ крем қолданып көрдіңіз бе?
Дайындаған: Сания Аринова
Суреттер: cosmo.ru, kosmetika-beauty.ru