Қазіргі кезде арықтауға арналған түрлі әдістер болғанмен, ең тиімдісі - дұрыс таңдалған физикалық күш. Арықтауға арналған түрлі диета ұстап, дәрі-дәрмек қабылдағаннан кейін адам денесі бос, бұлшықеттері әлсіз болып қалуы әбден мүмкін.
Бәріне бірдей фитнеске, жаттығу залына және бассейнге баруға уақыт немесе қаражат артылмайды. Ал, достарыңызбен не жеке өзіңіз велосипед тепсеңіз, уақыт қызықтырақ өтеді. Сонымен қатар, таза ауада демаласыз. Күн жылына бастағанда велосипед тебетін адамдар көбейе бастайды. Соларды көріп, біз де бұрын тепкенімізді еске аламыз. Велосипедті бұрын тепкен адам оны қалай тебуді ұмытып қалуы мүмкін емес, тек бір-екі рет жаттықсаңыз болғаны, бәрі есіңізге түседі. Қарапайым велосипед теуіп серуендеу көңіл-күйді жақсартып қана қоймай, арықтауға және сымбатты, мықты пішін жасауға көмектеседі.
Күнделікті велосипедпен серуендеу ағзаның төзімді болуына көмектесіп, иммунитетті көтереді. Ол өкпе мен қан тамырларын жақсартады және жүрек бұлшықетін бекітеді. Велосипед тебу кезінде жүрек тез соғып, зат алмасу да жылдамдайды. Соның себебінен, энергия мен калория шығыны болады. Жиірек және терең демалып, жасушалар оттекті көп алады, сондықтан ол майлардың жылдам ыдырауына әсер етеді. Велосипед педалін айналдыру кезінде көп энергия жұмсалып, ағза артық судан (тер ретінде шығарып) құтыла бастайды. Алайда май бірден ыдырамайды: алдымен "жылдам" көмірсулар (қандағы қант) жұмсалады. Оған шамамен 30-40 минут уақыт кетеді. Содан соң ағза энергияны майлы қордан алады.
Велосипед тебу сағатына 250-800 ккал құтылуға көмектеседі. Алайда мұндай көрсеткішке жету түрлі факторларға тәуелді: жыл мезгілі мен ауа-райы, жол жазықтығы, жылдамдық, адамның жеке мәліметі (жасы, бойы, салмағы, жаттығу деңгейі). Арықтау үшін велосипедті уақытылы тепкен жөн. Уақытыңыз болғанда оны күні бойы теуіп, қалған күндері басқа жұмыстармен шұғылдансаңыз, нәтиже болмайды. Велосипедті 15-20 минуттан болса да күнде тебуге тырысыңыз. Бастапқыда аптасына үш рет тебетін уақыт қойып алсаңыз болады. Бұлшықеттеріңіз үйрене бастаған кезде уақытты да қоса бастайсыз. Мысалы, 1сағат, содан соң 1,5 сағат бойы велосипед тебу. Педальді тез айналдырудың қажеті жоқ. Жаттығудың мақсаты аяқ бұлшықетін қатайту емес, арықтау екенін ұмытпаңыз. Сондықтан минутына 80-90 айналым жетеді.
Велосипед тебуді басқа да физикалық күштермен үйлестіруге болады. Мысалы, қарапайым жаттығулар жасаңыз және тамақтануыңызға аса мән беріңіз. Қуырылған және тәтті тағамдар жеп жүрсеңіз, велосипедті қанша уақытылы тепсеңіз де, арықтау қиынға соғады. Велосипед тепкенге дейін бір сағат бұрын ештеңе жемеген жөн. Су ішуге болады, тіпті ішу міндетті. Жаттығуға дейін және кейін бір стақан су ішіңіз.