Үздіксіз жаттығу күйзелісті жеңеді

Үздіксіз жаттығудың пайдасы қандай?

Күйзелісті жеңеді

Спортпен шұғылданған кезде ағзада «бақыт гормоны» деп аталатын эндорфиндер бөлінеді. Олар күйзелісті жеңуге көмектеседі. Үздіксіз жаттығу жасасаңыз, бұлшық етіңіз босаңсып қалады, ал бұл өз алдына стресстен арылуға көмектеседі. Үнемі фитнеспен айналысатын болсаңыз, стресске қарсы иммунитет пайда болып, денсаулығыңыз нығая түседі.

Ұйқы жақсарады

Үздіксіз жаттығудың арқасында ұйқыңыз жақсарады. Үнемі ұйқысы келіп жүретін адамдар спортпен шұғылданбайды. Зерттеу нәтижесі бойынша, физикалық жаттығулар қорқыныш, мазасыздық, ұйқысыздықтан арылуға көмектеседі.

Өзіңе деген сенім

Жоғарыда айтқанымыздай, үнемі жаттығу күйзелістен арылуға көмектесіп, көңіл-күйіңізді көтереді. Фитнеспен айналысатын болсаңыз, өзіңізге деген сенім артады. Өзіңізді бағалай бастайсыз. Дене мүсініңіз сымбатты бола бастағанын байқаған сәттен-ақ өзіңізге риза болып, ағзаңыздың тонусы да көтеріледі. Тамаша емес пе?

Физикалық төзімділік

Фитнестің басты пайдасының бірі – денеңіздің жаңа мүмкіндіктері. Әдеттегідей тез шаршамайтын боласыз әрі арқаңызды тік ұстауға дағдыланасыз. Денеңіз иілгіш болады. Дұрыс жаттықсаңыз, артриттің алдын алып та, емдей де аласыз. Сүйектеріңіз сырқап ауырмай, денсаулығыңыз жақсара түседі.

Таразы

Бастапқыда артық салмақты өлшеп, үнемі жаттығудың нәтижесін бақылап жүру керек. Жаттығу алдында таразыға тұрып, салмағыңызды өлшеп алыңыз. Дұрыс тамақтанып, үнемі жаттығудың көмегімен 2-3 айдың өзінде-ақ біраз өзгерісті байқайсыз. Уақыт өте келе денеңіздің сымбатына риза болғандықтан, таразының көрсететін өлшеміне мән бермейтін боласыз. Неге десеңіз, майдан арылған соң, бұлшық етіңіз қатайып, өзіңіздің бойыңызға сай салмақ жинай бастайсыз. Есесінде денсаулығыңыз жақсарып, дене мүсініңіз сымбатты болады.

Ауру-сырқаудан арыласыз

Спортпен шұғылданбайтын адамның ағзасындағы зат алмасу үдерісі баяулап, иммунды жасушалардың құрылуы бәсеңдейді. Нәтижесінде иммунитет төмендеп, ағза вирустарға төтеп бере алмайды. Ал үнемі жаттығатын болсаңыз, жүйке, қан айналым мен бұлшықет жүйесі белсендірек болып, қандағы гормондар көлемі артып, иммунитет нығаяды.

Ас қорыту қызметі жақсарады

Физикалық белсенділіктің артуы нәтижесінде ас қорыту жүйесі жақсарады. Фитнес стресстен арылуға көмектесетіндіктен, жүйке жүйесі де қалыпты болады, демек ас қорыту қызметі де жақсара түседі. Неге десеңіз, біз қорыққан, жабыққан, мұңайған сәтте ас қорыту қызметі не тым белсенді, не тым бәсең болады. Сондықтан тамақтанған соң төсекке қисая кетпей, серуендеген абзал: қоқыс шығарып келуіңізге, көршілердің халін сұрап, әңгімелесуге немесе жүгіріп, ағзаны сергітіп алуға болады. Ал әйел қауымы тамақтанып болған соң ас үйді жинап, ас қорыту қызметіне «көмектесуіне» болады.

Егер бұрын-соңды фитнеспен айналыспаған болсаңыз, аптасына 2-3 рет 40 минут жаттығуыңызға болады. Уақыт өте келе 5-6 мезгіл, 1-2 сағаттан жаттығуға дағдыланасыз.