Маникюр жасау - оңай шаруа емес. Ал оның екі-үш күнде жылтырын жоғалтып, қабыршақтанып түсіп кететіні өкінішті-ақ. Лактың тырнақта ұзаққа сақталуы үшін не істеуге болады?
Тырнақ бояуы ұзаққа сақталу үшін бояу жақпас бұрын түсті лактан кейін арнайы қорғаныс лагын жағу керек. Келесі күні қорғаныс лагын жаңартсаңыз, маникюрыңыз ұзаққа сақталады.
Тым қалың жағылған бояу ұзақ кеуіп, артынан оңай қабыршақтанып кетеді. Тырнақты жұқа лак қабатын жағып, оның толықтай кепкенін күтіңіз. Содан кейін ғана екінші қабатты жаға беріңіз. Екі қабаттан артық лак жақпаңыз. Үшінші қабат - маникюрды бұзудың ең оңай жолы.
Лакты үш рет: тырнақтың ортасынан, екі шеттерінен бір-бірден, астынан үстіне қарай жағыңыз. Лак бір-екі минутта-ақ кебеді, алайда оның толықтай құрғауына 12 сағат (!!!) қажет. Жаңа маникюр жасаған күндері үй шаруаларына кіріспеген жөн.
Маникюрді ұйықтар алдында жасасаңыз, артынан тырнаққа арнайы май жағып жатыңыз. Осылайша тырнағыңызға төсек-жабдықтың ізі басылмайды.
Тырнақ боямас бұрын оларды майдан, кірден толықтай тазартыңыз. Ол үшін лак кетіретін сұйықтықпен тырнақтарыңызды бір сүртіп шығыңыз.
Тырнағыңыз жұқа, жұмсақ болса, лактың ұзаққа сақталуы екіталай. Сондықтан тырнақты қатайтатын дауалар жасауды әдетке айналдырыңыз.
Лак тегіс тырнақта ұзағырақ сақталады. Сол себепті тырнақты алдын ала егеп, тегістеп қойыңыз. Алайда бұл дауаны айына бір реттен артық жасамаңыз, тырнақтар жұқарып, сынғыш болып кетеді.
Жалпы, лак ұзаққа сақталуы үшін оны қараңғы, салқын жерде сақтау керек. Қолдану алдында оны сілкімеңіз, лакты ауамен араластырып, қолдану мерзімін қысқартасыз. Лакты алақандарыңызбен жылытыңыз. Лакты қолданып болғаннан кейін, аузындағы артық лак тамшыларын сүртіп тастаңыз. Осындай шараларды әдетке айналдырсаңыз, лак ұзақ уақытқа сақтала алады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: marafet.net