- Негізгі бет
- Сымбат
- Үй жағдайындағы тырнақ...
Үй жағдайындағы тырнақ күтімі
Бүгінде тырнағыңызды тез өсіретін әрі қатайтатын сұйықтықты немесе кремді кез келген дәріханадан, дүкен сөрелерінен табуға болады. Алайда арнайы тырнақты қатайтуға арналған ұнтақтардың біреуге пайдасы тисе, енді біреуге зияны тиіп жатады. Сондықтан да мамандардың көпшілігі кремдердің орнына табиғи емді қолдануға кеңес береді. Тырнақтың сынғыштығын жойып, оны өсіру үшін арнайы әсемдік салонына барудың қажеті жоқ. Оны үй жағдайында да күтімге алып, жақсы нәтижесін көруге болады.
Тырнақты өсіру үшін ең пайдалысы – былау қабылдау. Ол үшін қайнатылған суға түрлі шөптерді, көкөністерді, тіпті тұзды салсаңыз да тырнағыңызға оң әсерін береді.
Теңіз тұзы
Теңіз тұзы тырнақты қатайтып қана қоймай, сонымен қатар оны нәрлендіреді әрі жылтыратады. Бұл былаудан соң тырнағыңызға бояу жағудың да қажеті болмай қалады. Алайда мұндай нәтиже үшін тұздың табиғи болғаны жөн. Егер оған қандай да бір бояғыштар қосылған болса, оның пайдасынан гөрі зиянын көруіңіз мүмкін. Сонымен қатар ағылшын тұзының да көптеген пайдасы бар. 1 стақан қайнаған суға 2 ас қасық тұзды салып ерітіңіз. Кейін оны үлкендеу ыдысқа құйып, қолыңызды 20 минуттай салып отырыңыз. Бұл тұзды суға аздап эфир майын қоссаңыз да болады. Емді аптасына 2 рет жасайсыз.
Бал мен зәйтүн майы
1 дана жұмыртқаны жарып, оған 1 ас қасық бал мен 2 ас қасық зәйтүн майын қосып жақсылап араластырасыз. Сосын ыдысын қайнап тұрған суға салып ішіндегісін ерітесіз. Қоспалар еріген соң тырнағыңызды 15-20 минутқа салып отырасыз. Бұл былауды қабылдап болған соң, тырнағыңызды мақтамен мұқият сүртіп, міндетті түрде қолыңызға ылғалдандыратын крем жағыңыз.
Өсімдік майы
Май тырнақ ауруларын емдейді. Сонымен қатар, оның сынғыштығын жойып, тез қатайтады. Ең әуелі өсімдік майын жылы суға ыдысымен салып ерітіп алыңыз. Сосын оған аздап лимон шырыны мен бірнеше тамшы йод қосасыз. Жақсылап араластырып, үлкендеу ыдысқа құясыз да, саусақтарыңыздың ұшын ғана батырасыз. 20 минуттан соң қолыңызды майдан алып, құрғақ майлықпен сүртесіз. Есіңізде болсын, қолыңызды сабынмен жууға болмайды. Емді аптасына 2 рет жасайды.
Желатин
Косметикалық кремдер мен маскалардың көпшілігінің құрамында желатин (мал сүйегінен шығарылатын дәмі, иісі жоқ мөлдір желім) кездеседі. Бұл сұйықтықтың тырнақты қатайтып, өсіруге де көмегі орасан зор. Ол үшін 1 стақан суға желатинді салып ерітіңіз. Сұйықтық салқындаған соң қолыңызды салып 15 минут отырасыз.
Лимон шырыны
Сынғыш әрі жұқа тырнақтар үшін бұл былаудың пайдасы көп. Орташа лимонды алып, сөлін сығып алыңыз. Оны 20 гр суға қосып, шым-шым тұз бен 2 тамшы йод қосыңыз. Дайын болған былауға 15 минут тырнағыңызды салып отырасыз. Содан соң қолыңызды майлыққа сүртіп, артынша нәрлендіретін крем жағасыз. Алайда, бұл былауды дұрыс қолданбасаңыз, керісінше тырнағыңыз жарылуы мүмкін. Егер де дұрыс қолдана білсеңіз, бұл ем тез әрі жақсы нәтиже береді.
Н. Үсенова