Үнді қыздарының сұлулық сыры

Сұлулық сайыстарында үнді қыздарының жиі жеңіске жетуі – олардың өз-өздерін күте алатынының және табиғи тартымдылығын сақтай алатынының дәлелі. Сұлулықты арттыратын ежелден келе жатқан қоспалар мен құралдардың көмегімен Үндістан әйелдері бет терісін мінсіз етіп, шаштарының денсаулығын ұзақ сақтайды.

Ним

Үнді жұпаргүлі деген атпен де танымал ағаш үнді аруларына кез келген жаста тартымды болуға көмектеседі. Олар ним жапырағының майын да, ұнтағын да пайдаланады, өйткені бұл ағаш ғажайып қасиеттерге ие. Оны тері реңкін жақсарту үшін, безеулер мен қара нүктелерді кетіру үшін және қайызғақтан арылу үшін пайдалануға болады. Ним теріні тамаша ылғалдандырады және тері майының шығуын реттейді.

Амла

Қарлығанға ұқсас бұл өсімдіктің құрамында С дәрумені көп болғандықтан үнді аруларының сұлулығына көптеп септігін тигізуде. Амла майы терінің қартаю белгілерінің алдын алып, шашты қалпына келтіруге көмектеседі. Амланың шырыны, ұнтағы, майы шашты қоректендіріп, қайызғақ түспеуін қамтамасыз етеді.

Сандал ағашы

Сандал ағашының ұнтағы үнді косметологиясында мыңдаған жылдар бойы пайдаланылып келеді. Оны тері реңінің саулығын қамтамасыз ететін скрабтар мен ылғалдандыратын маскалар жасау үшін пайдаланады. Сүт, бал немесе бадам майымен араласқан сандал ағашы дене терісін ылғалданырады және қара нүктелер мен безеулермен тамаша күреседі.

Куркума

Куркума Аюрведаның қабынуды емдейтін басты құралдарының бірі болған. Оны қазіргі таңда да косметология мен аспаздықта бірдей пайдаланады. Куркума безеулермен күресуде жақсы көмектеседі, сонымен қатар әжімдерді тегістеуде тамаша әсер етеді. Ал егер куркума ұнтағын маймен араластырса, табанның жарылуын емдейді.

Нұт ұны

Үнді әйелдері жиі пайдаланатын теріні түлететін құрал. Нұт ұнын сүт немесе қаймақпен араластырып сабын немесе сусабынды алмастыруға болады. Ал қышқыл ортамен байланысқа түскенде, мысалы лимон шырынымен, нұт теріні тазалай алады.

Алқызыл су

Алқызыл су – қабынуға қарсы әрекет ететін қасиетінің арқасында тітіркенген тері мен безеулерді емдейтін тамаша табиғи құрал. Үнді қыздары оны көбіне бетті булаған соң, терідегі ұсақ тесіктерді жабу үшін пайдаланады. Сонымен қатар ол көз астындағы қара дақтарды кетіреді. Алқызыл суды табиғи тоник ретінде де пайдалануға болады.

Шикакай

Теріні табиғи тазарту мен шашты қоректендіретін тағы бір тамаша құрал. Әдетте үнді әйелдері сусабынның орнына осы қарағанның атбас бұршақтарынан жасалған пастаны пайдаланады.

Балшық

Құрамындағы түрлі минералдардың арқасында балшық майлы терінің күтіміне жақсы әсер етеді. Оны көбіне безеуге қарсы маскаларға қолданады.

Ұйыған сүт

Ұйыған сүт үнді аспаздығында өте танымал, алайда косметологияда да пайдалану жағынан дес бермейді. Бет терісіне арналған маскалар құрамындағы ұйыған сүт терінің ақауларын емдейді, ал шаш шайғыштың орнына пайдаланғанда – құрғақ шашты тамаша ылғалдандырады. Құрамындағы мырыштың арқасында ұйыған сүт күнге күю салдарын жақсы емдейді.

Запырангүл

Бұл өсімдік антиоксиданттар мен калийге бай, дәл осы запырангүлдің ұнтағы үнді қыздарының бетінің жылтырауына септігін тигізеді. Дәстүр бойынша оны теріні ағарту үшін пайдаланады. Сандал ағашы мен куркума ұнтақтарымен араластырып, теріні безеулерден емдейді, құрғақтығы мен тітіркенуін кетіреді.

Сурет: vk.com

Дайындаған: Анар Мұстафина

Оқи отырыңыз:

Үнді киімінің қыр-сыры

Үндістан туралы не білесіз?

Үнді елінің салт-дәстүрі

Сари кие білу де – өнер