- Негізгі бет
- Сымбат
- Тырнақты қалпына келтірудің...
Тырнақты қалпына келтірудің әдістері
Тырнағыңыз сынғыш, жұқа және әлсіз болып кетсе, оны уақытша гель-лактың астына жасырмай, мәселенің шешімін табу қажет. Тырнақты қалпына келтіріп, қатайтудың әдістерін ұсынамыз.
Дәрумендер
Тырнақтың нашар жағдайы – ағзаның ішкі проблемалары туралы белгісі. Сондықтан тырнақты емдеу ағзаға қажетті дәрумендер мен микроэлементтерді беруден басталу керек. Тамақтану үлесіңізге жаңғақтар, жұмыртқа, балық және сүтті өнімдер, көкөністер мен жемістер кіруі тиіс. Сонымен қатар, су ішу режимін де сақтаңыз. Тамақтану үлесіңізге қосымша ретінде дәрумендер жинағын ішуге болады. Мұндай жан-жақты әрі толыққанды күтім тырнақтың қабаттануынан және әлсіздігінен құтылуға көмектеседі.
Ванна
Лимон шырыны мен теңіз тұзы – әлсіз тырнақпен күресудегі басты құралдар. Осы екі ингредиентті жылы суға араластырып, аптасына 2-3 рет тырнағыңызды салып, 20 минут шамасында отырыңыз. Бұл процедураның тиімділігіне күмәнданбаңыз, бастысы, шыдамды болып, оны 1 ай бойы орындаңыз.
Массаж
Тырнақ проблемалары қоректік заттардың жетіспеушілігінен басталады. Оның қаббаттануымен күресуге қарапайым зәйтүн майы көмектеседі. Майды ваннадан соң бірден жаққан тиімді. Маймен тырнақты және тырнақ айналасындағы теріні жақсылап массаж жасай уқалаңыз.
Қолғап
Тұрмыстық химияны қолданарда резеңке қолғап киюді ұмытпаңыз. Тіпті, оны аз уақыт қолдансаңыз да, ол тырнақ жағдайын бірден нашарлатып жібереді. Сондықтан қандай да бір үй шаруасымен айналысарда резеңке қолғап кию әдетіңізге айналу қажет.
Қатайтатын лак
Шеллактан уақытша бас тартып, қалпына келтіруші және қатайтушы құралдар қолданыңыз. Мамандар құрамында биотині бар өнімдерді алуды ұсынады.