- Негізгі бет
- Сымбат
- Тырнақ сарғаюынан арылудың...
Тырнақ сарғаюынан арылудың жолдары
Кей бойжеткендер тырнағының жағымсыз сарғылт түске енгенін байқайды. Одан арылудан бұрын пайда болу себебін анықтап алыңыз.
Бірінші себеп — тырнаққа арналған түрлі түсті лактардың астына жағатын базалық қаптаманы қолданбау. Себебі сарғыш пигмент барлық түсті лактың құрамында кездеседі, оның тырнақ пластинасына «сіңу» қасиеті бар. Екінші себебі — тұрмыстық химияны қолғапсыз қолдану. Үшінші себебі — темекі тарту. Никотин саусақ терісін және тырнақты сары түске өзгертеді. Төртінші себебі — дәрумендердің жетіспеуі. Бұл кезде тырнақтың түсі ғана өзгеріп қоймай, тырнақ қабаттанып, сынғыш болып кетеді.
Тырнақ сарғаюынан қалай арыламыз?
Арнайы ағартқыш лактар. Мұндай арнайы ағартқыш лактарды базалық қаптама ретінде немесе түсті лактың орнына қолданған жөн. Мұндай лактардың құрамындағы лимон сығындысы, сутек тотығы және басқа да заттар тырнақтың бастапқы түсін қайтарады.
Халықтық құралдар. Егер қолыңызда арнайы ағартқыш лактар болмаса, халықтық құралдарды қолданыңыз.
Лимон жақсы ағартатын әсерге ие. Лимонды кесектерге бөліп, уақытыңыз болғанда әр кесегімен тырнағыңызды сүрте беріңіз. Егер әсерді күшейткіңіз келсе, ағартқыш маска дайындаңыз. Ол үшін лимон жұмсағын тырнаққа жағып, ас пленкасымен орап тастаңыз. 10 минут өткен соң шешіңіз. Лимонды қолданудың тағы бір әдісі — лимон шырынын зәйтүн майымен араластырып, тырнағыңызды сол қоспамен күніне бірнеше рет сүрту. Нәтижесінде, тырнағыңыз ағарып қана қоймай, берік бола түседі.
Түймедақ та (ромашка) ағартатын әсерімен ерекшеленеді. 2 ас қасық құрғақ түймедақ гүліне 1 стақан қайнаған су құйыңыз. Біраз уақыт тұрған соң, оған 0,5 литр жылы су құйып, қолыңызды 15-20 минутқа салыңыз. Осы процедураны күніне бір реттен жасасаңыз, бір апта өткен соң тырнағыңыздың өз түсі келе бастайды.
Халықтық әдіс бойынша ағартудың тағы бір түрі — теңіз тұзын қолдану. 2 шай қасық теңіз тұзын 1 стақан суда ерітіп, аздап зәйтүн майын құйыңыз. Сол ерітіндіде қолыңызды 10 минут ұстаңыз.
Егер бұл әдістердің нәтижесі болғанша тырнағыңыздың сарғыш түсін уақытша жасырғыңыз келсе, тырнақ астына тырнаққа арналған ақ қарындашты жағыңыз. Ол косметикалық дүкендерде сатылады.
А. Жапатова