Кейбір қыз-келіншек үшін тырнақ өсіру орындалмас арман секілді. Өйткені олардың тырнақтары тез сынғыш келеді, әрі қабыршықтанып жатады. Бұл біріншіден, ағзада дәрумендердің, әсіресе кальцийдің жетіспеушілігін көрсетеді. Екіншіден, тырнаққа дұрыс күтім жасалмауының нәтижесі. Назарларыңызға сынғыш тырнақтың күтімі мен сыну себептерін ұсынамыз.
Тырнақты дұрыс алмай жарақаттаудың салдары тырнақтың қабыршықтануына әкеліп соғады. Сонымен қатар тырнақты тым құрғатып алу оны әлсіз етеді және құрамында ацетоны бар лак кетіруші құралдармен қатар тұрмыстық химияны арнайы қолғапсыз қолданудан тырнақ қатты құрғайды. Медицина тұрғысынан қарар болсақ, тырнақ күйзеліс кезінде, диабетте, ал балаларда отадан кейінгі кезеңде, гормональді, эндокринді аурулар кезінде және климаттың өзгеруі кезінде сынғыш келеді.
Тырнақтың дәл қандай себептен әлсірегенін тек медициналық тексерулер ғана анықтай алады. Десе де тырнаққа ерекше күтіммен қоса ағзаға пайдалы дәрумендер қажет. Ағзадағы кальцийдің мөлшерін толықтыру үшін сүт тағамдарын, әсіресе сүзбені көбірек тұтыныңыз. Сонымен қатар жаңғақ пен балықтың, орамжапырақтың пайдасы орасан. Ал кремний ағзада қажетті мөлшерде болуы үшін бұршақтың түр-түрін, қарақат пен банан, аскөк пен салат жапырағын ас мәзіріне көбірек қосыңыз.
Тырнақ сынбасы үшін түрлі маскалар жасауға болады. Ұйқыға жатар алдында бір шай қасық зәйтүн майына бірнеше тамшы лимон шырынын тамызыңыз. Оны араластырып тырнақтарға көбесіне жағып, қолыңызға қолғап (хлопчатобумажный) киіп жатыңыз. Таңға дейін май сіңіп нәрлендіреді. Мұндай масканы аптасына 1-2 рет жасаған дұрыс.
Сонымен қатар жатар алдында ыстық суға теңіз тұзын жақсылап ерітіп, 5-7 тамшы йод тамызып, қолды салуға болатындай температураға түскенде тырнақтарды батырып, 20 минут суда ұстаған жөн. Судан алған соң қолды сүртудің де, ештеңе жағудың да қажеті жоқ. Мұны аптасына 3 рет жасаңыз.
Йод тырнақтың өсуіне және оның берік болуына көп көмектеседі. Сондықтан тырнақты лак орнына йодпен бояп қоюдың да пайдасы мол.
Тырнақты лимон шырыны қосылған жылы суда ұстап үйретіңіз. Ал одан кейін лимонды ортасынан екіге бөліп, тырнақты лимонның ішіне бірнеше минутқа салудың да көмегі мол. Бұл тырнақты қатайтады.
Дереккөз: anabol.kz