Кез келген түнгі тіскебасардың асқазанға пайдасы жоқ, бірақ кейде ұйықтайтын уақыт жақындағанда қарныңыз ашып, тоңазытқышқа бармау мүмкін емес кездер болады. Мұндай уақытта денсаулыққа әрі дене сымбаттылығына зияны өте аз болуы үшін қандай тамақтар жеуге болады?
Ашытылған қырыққабат пен өнген дәннен дайындалған нан
Бұл тағам бірінші орынды алады, себебі оны түнде жеу арқылы артық салмақ қоспай, тіпті, арықтауға болады. Ашытылған қырыққабатта ас қорытуға көмектесетін және асқазан-ішек жолдары ауруларының алдын алатын сүт-қышқылды лактобактериялар бар.
Өнген дәннің құрамында өсімдік жасұнықтары, Е дәрумені және минералдар бар. Ашытылған қырыққабат пен өнген дәннен дайындалған нан ішектер бұлшықеттерінің жиырылуына жақсы әсер етіп, оның толқи жиырылуына ықпал етеді.
Суға піскен майсыз тауық немесе күркетауық еті
Түнде ақуызға немесе жасұныққа бай тағам жеу керек. Бастысы, түнде жануар майы бар тағам жемеу маңызды. Суға піскен майсыз тауық немесе күркетауық етінің калориясы төмен болғандықтан, диеталық тағамға жатады. Алайда бауыр және бүйрек аурулары бар адамдарға түнде мұндай тамақ жеу ұсынылмайды.
Зәйтүн майымен араластырылған салат
Көкөністі салат тәуліктің қай уақытында болмасын ағзаға пайдалы. Түрлі пайдалы шөптерге (салат жапырағы, айсберг, руккола және т.б) қияр қосып, оны зәйтүн майымен араластырып, бетіне күнжіт дәндерін себіңіз. Мұндай салат тойымды болады әрі ол ағзаға зиянын тигізбейді.
Суға піскен жұмыртқаның ағы
1 жұмыртқаның сарысында шамамен 4,5 г майлар мен 139 мг холестерин болады, оны диеталық тағам деп айта алмаймыз. Сондықтан оны таңғы асқа қалдырыңыз. Ал жұмыртқаның ағы дене сымбаттылығын бақылайтын адамдарға сай келеді. Алайда кей адамдар үшін ол аллерген өнімге жататын білу маңызды. Егер оған аллергияңыз болмаса, оны түнгі тағамдарыңыздың қатарына қоссаңыз болады.