- Негізгі бет
- Сымбат
- Тіс щеткасының екінші...
Тіс щеткасының екінші қыры
Тіс щеткасы не үшін керек? Жауабы айқын: тіс тазалау үшін. Араларымызда онымен сантехника немесе ыдыс жуатындар да табылады. Біз бұл құрылғыны өте тиімді пайдалануды ұсынамыз. Тіс щеткасын өз міндетінен бөлек әдемілену үшін де пайдалануға болады екен. Қалай дейсіз ғой?
Алдын ала ескертеміз: балама тұрғыда тісіңізді ысып жүрген щетканы қолданбаңыз. Тағы біреуін, немесе екеуін сатып алыңыз.
- Ерінге арналған скрабтың орнына. Тісіңізді ысып болдыңыз ба? Ерінді де ұмытпаңыз. Щетканың қылдарымен ерініңізді де ақырындап щеткілеңіз. Қабыршақтанған терілерді алып тастаңыз. Нәтижесі бірден байқалады: ерін түсі айқындалып, өзі жұмсарады. Уақытыңыз болса, зәйтүн майынан және қанттан скраб жасап алсаңыз болады. Бұл ерініңізді ылғалдандырады.
- Шығып тұратын шаштарды түзеу үшін. Тегістеп өрілген шаштардан әрдайым майда шаштар шығып қалады. Оларды не шаштың арасына тыға алмайсың, не дұрыстап жатқызу да қиынға соғады. Мұндай жағдайда тіс щеткасына кішкене лак немесе гель жағыңыз да самайдан бастап төбеңізге дейін жүріп шығыңыз. Сонымен қатар кекіл жөндеу үшін де таптырмас құрал.
- Автозагарды кетіру үшін. Егер табиғи күнге күюдің орнына автозагарды таңдасаңыз, дұрыс жасағаныңыз. Өйткені автозагардың зияны ультрафиолеттің жағымсыз әсерімен салыстырылмайды. Бірақ қарайтатын кремдер мен лосьондар алақанға, білекке және дененің басқа жерлеріне сіңіп қалып, кетіруге қиын болады. Осы кезде щетка көмекке келеді. Әсіресе ас содасы мен лимон шырынын араластырып, осы қоспаға щетканы батырып алып, дененің проблемды аймақтарын ысқылауға болады.
- Қас тарауға. Қазіргі уақытта қалың, табиғи қастар сәнде. Егер қас тарайтын арнайы щеткаңыз болмаса, осы тіс щеткасын пайдалансаңыз болады. Сонымен қатар қасқа арналған гельді де жағып, тарасаңыз болады.
- Креативті маникюр үшін. Лак кеппей тұрып, тырнағыңызды щеткамен ақырын тарсылдатып шығыңыз - қызықты бедер шығары анық. Егер бірнеше түс пайдалансаңыз, тіптен керемет.
- Шашты түтуге. Шашты көтеру үшін тістері майда тарағыңыз болмаса осы щетканы пайдаланыңыз.
- Тырнағыңыздың етін жұмсарту үшін. Қолыңызды жылы суға салып, терісі жібіген соң щеткамен ақырындап тырнақ шетіндегі терілерді итеріңіз. Кейін жан-жағына бальзам не май жағып қойыңыз. Сонымен қатар тырнақтың ішкі жағын тазалау үшін де щетка қолдансаңыз болады.
- Тарақты тазалауға. Шашқа арналған құралдарыңызды: тарақ, бигуди, фен және т.б. заттарды щетка жақсы тазартады.
- Кірпіктерді тарауға. Қастарыңызды тарап болған соң, кірпіктеріңізді де ұмытпаңыз. Щетканың қылшықтары өте жіңішке болғандықтан кірпіктеріңізді бөліп, жақсы тарап береді.
- Шашты бояуға. Егер шашыңыздың түбін бояғыңыз келсе, щетканың көмегіне жүгініңіз. Щетканың кішкентай пішіні бояуды біркелкі, жақсы жағады.
Суреттер: subscribe.ru, woman.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina