- Негізгі бет
- Сымбат
- Тонердің шаш бояуынан...
Тонердің шаш бояуынан айырмашылығы қандай?
Шаштың жақсы жағдайын ұстап тұру үшін үнемі күтім құралдарын қолдану маңызды. Әсіресе, боялған немесе ағартылған шаш одан да мұқият күтімді қажет етеді: бояулар мен ағартқыштар шаштың табиғи пигментін бұзып, оны химиялық түспен бояйды. Шашты жиі бояу оның құрғақ әрі сынғыш болуына ықпал етеді. Сондай-ақ ол жалпы ағзаға да зиянын тигізеді: терімен әсерлесу кезінде бояғыш құралдардың ингредиенттері лимфа жүйесіне енеді, ал бұл түрлі аурулардың , соның ішінде, онкологиялық аурулардың пайда болу мүмкіндігін арттырады. Тонер шаш бояуын жиі қолданбас үшін қажет. Ол қажет шаш реңкін алуға көмектеседі. Ендеше, тонердің шаш бояуынан қандай айырмашылығы барын және оның артықшылығы мен кемшілігі жайлы айтамыз.
Химиялық шаш бояуының әсер ету принципі бояғыш заттар молекулаларының шаш құрылымына түсуіне негізделген. Бояумен араластырылатын арнайы тотықтырғыш шаштың түсін өзгертіп, сірқабық қабыршағына еніп кетеді. Мұндай процедураның нәтижесі ұзаққа жетіп, бірнеше айда ғана жуылып кетуі мүмкін. Ал тонерлеу кезінде бояу шаштың сыртын ғана пигментпен қаптап, құрылымына тиіспей, бетінде қалады. Сондықтан тонер бояуға қарағанда шашты азырақ зақымдайды.
Тонерді не үшін қоданады?
Тонерлейтін құралдар шаш түсін жаңартады және оған күтімді түр сыйлайды. Агрессивті шаш бояуларындағыдай тонерлердің құрамында аммиак пен сутегінің асқын тотығы болмайды. Тонерлердің құрамында бағалы майлар мен дәрумендер кездеседі. Сондай-ақ шашты химикаттармен сәтсіз бояудан соң тонер арқылы оның түсін қалыпқа келтіруге болады.
Тонердің артықшылықтары:
- Тонердің құрамындағы майлар мен өсімдік сығындыларының арқасында шаш жылтырай түседі;
- Уақыт өте ағартылған шашта жағымсыз сары түс пайда бола бастайды. Тонер сол түстен арылуға көмектеседі;
- Мұндай құралдар шаштың табиғи пигментін жойып жібермейді, себебі олар шаш құрылымына өте алмайды;
- Егер шаш бояуынан соң түс біркелкі болып шықпаса, тонер көмегімен оны реттеуге болады;
Тонердің кемшіліктері:
- Мұндай құралдардың әсері ұзаққа жетпейді;
- Тонерлер теріні ластайды. Оны қолданғанда қолғап киіңіз және көзге тигізбеңіз;
- Шаш типіне қарай тонер шашқа біркелкі жағылмауы мүмкін. Оны барлық шаш ұзындығына мұқият жағыңыз;
- Тонерлер химиялық бұйра салынған немесе қынамен әсерлескен шашты боямайды.
Тонердің түрлері
Тонерлерді түрлі үлгіде шығарады: олар жағу әдісі және әсер ету ұзақтығы бойынша ажыратылады. Қазір бьюти-нарықта оның 4 негізгі түрі ұсынылып отыр:
Тонерлейтін бояу
Шашқа бояудың зияны барынша азырақ тигенін қаласаңыз, тонерлейтін бояуды қолданып көріңіз. Олардың құрамында агрессивті химиялық компоненттер жоқ. Бояуды нұсқаулық бойынша бояғышпен араластыру арқылы дайындаңыз. Біраз уақыттан соң сумен шайып тастау керек.
Тонерлейтін бальзам
Реңкті бальзам қолдану — әдемі шаш түсін алудың ең қарапайым және зиянсыз әдісі. Ол қарапайым бальзамдарға ұқсайды, тек құрамында бояғыш пигменті болады. Тонерлейтін бальзамды су шашқа жағып, 10-30 минуттан соң шайып тастау керек.
Тонерлейтін сусабын
Тонерлейтін сусабын шашты қандай да бір реңкке бояп қана қоймай, оны дәрумендермен және минералдармен қоректендіреді. Сондықтан одан соң шашыңыз жұмсақ әрі жылтырап тұрады.
Тонерлейтін спрей
Басқа тонерлейтін құралдар әсерін 3-8 аптаға сақтаса, мұндай спрей тек бір кешке жетеді. Бұл мерекелік кешке шаш түсімен тәжірибе жасап көргісі келетіндерге арналған. Ол құрамы бойынша шашқа арналған лакқа ұқсайды.