Тоналды крем таңдаудың қиындығы көптеген қыздарға белгілі. Дұрыс таңдалмаған крем бет-әлпетті жасанды етіп қана қоймай, теріге зиян келтіруі де мүмкін. Сапалы, лайықталып таңдалған крем терінің ұсақ кемшіліктерін жасырып, терінің сау, жұмсақ және жарқырап көрінуіне ықпал етеді.
Тері типіне назар аударыңыз
Егер тоналды крем теріңіздің типіне сәйкес болмаса, тіпті ең қымбат крем дегеннің өзі теріге тегіс жатпайды және кемшіліктеріңізді айқындап тұрады. Құрғақ және жұқа теріге құрамында майы бар, қою текстуралы немесе ылғалдандыратын крем жарайды, ал майлы тері үшін тегістеуіш, терінің жылтырауын ұзақ уақытқа басатын, oil free деген белгісі бар крем қажет.
Егер тері құрамдастырылған – бет терісі құрғақ, ал маңдай, мұрын, иек тұсы майлы болса, онда бір емес, екі тоналды крем таңдау қажет, бірақ оларды бетке толық жақпаңыз.
Егде жастағы әйелдерге крем-мусс таңдаған дұрыс – ол ұсақ әжімдерді жасырып, теріге тегіс жатады. Безеулер мен қызаруға бейім сезімтал теріге гипоаллергенді крем, проблемалы теріге – антибактериалды қоспасы бар кремдер қажет.
Түсін таңдаймыз
Тері маска сияқты көрінбес үшін қарапайым ережені ұстанған жөн – тоналды крем теріден бір реңкке ашық немесе терімен түстес болуы қажет. Егер күмәндансаңыз және екі реңктің біреуін таңдай алмай тұрған болсаңыз – ашығырағын таңдаңыз, ол барынша табиғи көрінетін болады. Тым қошқыл реңктер бет-әлпетті қартайтып жібереді, ал тым ашық реңк сізді жапон гейшасына ұқсатуы мүмкін.
Қараторы теріге сары пигменттері бар реңктерді таңдамаған жөн, ол сарылықты арттырып, сырт көзге жасанды көрсететін болады. Кремнің түсін алақанның сыртына жағып емес, бет пен иектің арасындағы бет терісіне жағып таңдайды.
Жаққан соң бірнеше минут күте тұрыңыз, сонда ғана оның реңкі нақты айқындала бастайды. Кремнің түсін тек күндізгі жарықпен тексеріңіз – айнаны терезенің алдына әкеліңіз немесе далаға шығыңыз. Электр жарығы реңктің түсін бұрмалайды. Егер крем дұрыс таңдалған болса, онда ол теріде аса білінбейді, тері тегіс және жұп-жұмыр көрінетін болады.
Бағасы мен сапасы
Тоналды крем таңдауда ақша үнемдеу туралы ойламағаныңыз абзал. Сізге арзан тауар белгісінің кремі де жарауы мүмкін, бірақ өз денсаулығыңыз бен сұлулығыңыз үшін тоналды кремді өзін танытқан өнімдердің арасынан таңдаған жөн. Дүкен аралауға арнайы уақыт бөліңіз, тоналды кремнің реңкін жағып көру арқылы асықпай таңдаңыз.
Сапалы тоналды крем ағып кетпеуі керек, тесіктерді бітеп, теріні қызартпауы тиіс. Шынымен жақсы крем жеңіл жағылады, тегіс жатады және киімге қатты жұқпайды.
Сурет: wday.ru, zapyataya.com
Дайындаған: Анар Мұстафина