- Негізгі бет
- Сымбат
- Тональді кремнің орнына...
Тональді кремнің орнына қандай құралдар қолдануға болады?
Тональді кремдердің көбі бетке маска әсерін береді. Косметиканы аса жақсы көрмейтін қыздар тональді кремді күнде жаққысы келмейді. Ендеше, оны ауыстыра алатын және текстурасы жеңілірек құралдарды ұсынамыз.
Кушон
Бұл бьюти-құралды Корея мамандары ойлап тапты. Ұзақ уақыт бойы кушондарды тек Азияда қолданатын, ал қазір ол әлем бойынша сұранысқа ие. Кушонның текстурасы жеңіл және оның бетте бары білінбейді. Дегенмен оның көмегімен беттің қызаруы мен ондағы ұсақ бөртпелерді жасыруға болады. Оның артықшылығы — құрамында ылғалдандырушы компоненттердің болуы. Сондықтан да кушонның көмегімен визуалды түрде бет терісін тегістетіп, оны табиғи жарқыратады.
Сергітуші әсері бар SPF-құралдар
Кей қыздар SPF-құралдардың үстінен тональді құрал немесе BB-кремдер жаққанды жақсы көрмейді. Бұлай қабаттастырғанды ұнатпайтындар сергітуші SPF-құралдар қолдануға болады. Мұндай құрал теріні күн көзінен қорғап қана қоймай, тері реңкін тегістей алады.
BB-крем
Тональді кремге BB-кремдер жақсы балама бола алады. Мұндай крмедердің көпшілігі бірден бірнеше тері проблемасын шешуге бағыттала жасалған. Олар тері кемшіліктерін жасырады, бет реңкін тегістейді, бетті майлы етіп жылтыратпайды және теріні табиғи жарқыратады.
Консилер
Консилерді көпшілік тек көз астының қараюын жасыру үшін қолданады. Алайда оны тональді кремнің орнына қолдануға да болады. Ол үшін консилерді беттегі кемшіліктердің үстіне нүктелі жолмен жағыңыз, содан соң жақсылап растушевка жасаңыз. Консилерді осы мақсатта қолданатын болсаңыз, оның су негізіндегі түрін таңдаған жөн. Ал растушевканы ылғал спонжбен жасаған дұрыс.
Крем-опа
Қарапайым опаға қарағанда крем-опа тональді кремді ауыстыра алады. Бет әрлеушілер мұндай құралды терісі майлы немесе аралас қыздарға ұсынады.
Макияж астына қолданылатын база
Егер күнде тональді крем жақпай-ақ жүре бере алатын қыздардың қатарында болсаңыз, макияж астына қолданатын базаны байқап көріңіз. Оның теріні жарқырататын түрін таңдаңыз. Мұндай база теріні аздап жарқыратады және оған сергектік сыйлайды. Оны саусақ ұштарымен немесе ылғал спонжбен жаққан дұрыс.
А. Жапатова