Кешкі отырыстарға не басқа да шараларға асыққанда тез әрі оңай жасалатын, әдемі, ерекше боп тұратын шаш үлгісін іздейміз. Соған сай бүгінгі біз ұсынатын шаш сәнін жай күнде де жасап жүре аласыз. Икеміңіз болса өзіңізге өзіңіз жасап алуға да болады.
Ол үшін аса көп нәрсе қажет емес. Күнделікті сабаққа не жұмысқа жасап барғыңыз келсе, үш резеңке, алты не одан көп (шашыңыздың ұстамдылығына байланысты) көрінбейтін шаш қыстырғыш қажет. Ал кештерге жасайтын болсаңыз, эффектілі шығуы үшін гель, лак, шаш жылтыры секілді нәрселер қосуға болады.
Алдымен шаштың жоғарғы бөлігін бір резеңкемен байлап аламыз.
Одан соң астындағы қалған шашты да екіге бөліп, резеңкемен жинаймыз. Шаштың ең астынғы, яғни үшінші бөлігін басқаларына қарағанда жұқарақ етіп алыңыз. Шаш арасынан көрініп қалмас үшін резеңкеміз шаш түсіндей не қара түсті болғаны дұрыс.
Шаштың үстінгі бірінші бөлігін әдеттегі үш өріммен өреміз.
Әдемірек шығуы үшін, өрімді екі жағынан сәл тартыңқырап шығарып, көлемді етеміз.
Өрілген шашты жоғары көтереміз.
Айналдырып әкеліп, түйінді ораймыз.
Өрілген шаштың ұшын түйімнің астына қарай салып, суретте көрсетілгендей шаш қыстырғышпен қыстырамыз.
Бірінші бөлік дайын.
Шаштың екінші бөлігін де дәл осылай өріп, жоғарыға қыстырғышпен жинаймыз.
Үшінші бөлікті де алғашқы екеуі секілді жасаймыз.
Міне, оңай жасалып, ерекше көрінетін шаш сәніміз дайын.
Ал сіз шаш сәнін осылай жасар ма едіңіз?