- Негізгі бет
- Сымбат
- Теріні тазарту дауалары...
Теріні тазарту дауалары
Бет терісін терең тазалап, кір мен шаң-тозаңнан, май мен қара дақтардан арылуға көмектесетін бьюти-дауалармен танысайық.
Әрине бұндай дауаны косметолог маманмен кеңесе отырып, заманауи сұлулық салондарында жасаған дұрыс. Ондайға арнайы қондырғылар, косметикалық заттар тазалауды барынша нәтижелі жасауға көмектеседі.
Механикалық тазалау (қолмен тазалау)
Салондарда жасайтын бұндай тазалау шамалы ауырады, алайда өте нәтижелі болады. Дауа барысында сіздің бетіңізді бумен жібітіп, қолмен тазалайды. Бұндай тәсілдің тек бір жаман жағы бар: дауадан кейін бетіңіз қатты қызарады.
Ультрадыбысты тазалау
Ультрадыбыс әсерінен теріңіз артық кір, улы заттар мен қосылыстар, майдан тазарады. Сондай-ақ бұндай дауа жасушалардың қалпына келуіне көмектеседі, нәтижесінде әжімдердің тартылуына бастама бола алады. Байқалатындай әсер алу үшін бұндай дауадан бірнеше мәрте өту керек.
Химиялық пилинг
Бетінде ұшықтары тым көп, акне ауруына шалдыққандарға таптырмас шешім. Оған қоса, бұл дауа теріні жасартады. Алайда бұл теріні тазалау тәсілі барлығына бірдей жаға бермейді, сондықтан бұл дауаға бармас бұрын, косметолог маманмен кеңескеніңіз жөн.
Вакуумды тазалау
Бет терісін тазалаудың бұл жолы механикалық тазалауға ұқсайды, алайда ол сияқты ауырмайды. Оны арнайы вакуумды қондырмамен жасайды. Ол теріге жабысып, одан артық кір мен майды сорып тазалайды.
Дезинкрустация
Бұл дауа барысында гальваникалық тоқ қолданылады. Қорықпаңыз, сізді тоқпен ұрмайды, ол жай ғана бет терісін жібітіп, кір мен тозаңды терінің бетіне шығарады. Бұл дауа терісі құрғақ және сезімтал аруларға жарамайды.
Брашинг (броссаж)
Атауы қызық бұл дауа айналмалы щеткалары бар арнайы қондырғымен жасалады. Щеткалар терінің өлі жасушалары мен кірді кетіріп, бет терісіне нәзік массаж жасайды.
Салондағы дауаларға жақсы балама ретінде кейбір дауаларды өзіңіз үйде жасасаңыз болады.
Бумен жібіту
Бумен жібіту дауасы бет терісін жақсы тазалайды, терідегі қан айналымын жақсартады, ұшықтар мен қара дақтардан арылтады. Егер сіздің бетіңіз құрғақ болса, бұл тәсілді аптасына бір реттен жиі қолданбаңыз. Ал майлы теріге бетті жиірек, тіпті күн сайын бумен тазалауға болады. Үлкен ыдыста суды қайнатып, басыңызды орамалмен жауып, буға бетіңізді жібітіңіз. Бу бетті тазалау алдында теріні жақсы жұмсартады.
Емдік саз маскалары
Қазірде дәріханаларда емдік саздың түр-түрі сатылады: қара, ақ, қызғылт, көгілдір, жасыл. Олардың арасынан бет теріңіздің түріне жағатынын таңдап алыңыз. Бұндай маска қолданғанда, мынаны білгеніңіз жөн. Емдік саз маскалары бет терісінен бар кір мен улы заттарды шығарады, терең тазартады. Сондықтан оны қолданғаннан кейін бетіңізде жаңа ұшықтар, қызарулар пайда болуы мүмкін. Бұл тек уақытша, кейін ұшықтар мен қызарулар кетіп, тері таза болады.
Механикалық тазарту
Бет терісін кәдімгі скрабпен тазарту да нәтижелі болмақ. Өзіңіздің скрабыңызға ұсатылған кофе, тұз, жаңғақтар қосып, өлі тері мен қара нүктелерден арылыңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: matome.naver.jp
С. А