Күннің әсері, гормондар, жас ерекшелігі өзгерістері тері реңінің өзгеруіне және онда қара дақтардың пайда болуына ықпал етеді. Реңнің біркелкі, ал терінің жарқын боғанын қалайтынымыз рас. Ол үшін теріні ағартатын және түссіздендіретін құралдар шығарылады. Олар қандай болады және теріге қалай әсер береді?
Теріні ағарту (отбеливание) мен түссіздендірудің (осветление) айырмашылығы қандай?
Теріні түссіздендіру терінің біркелкі емес реңкімен күресуге көмектеседі. Олар безеулерден кейін, күннің әсерінен және жас ерекшелігінен пайда болатын дақтарды түзетуге бағытталған. Түссіздендіруге арналған өнімдер терінің қарайған бөліктеріне оның реңкін біркелкі ете түсіп әсер етеді. Басқаша сөзбен жеткізсек, олар «нүктелік» әсерге ие. Әсерді сақтау үшін түссіздендіретін құралдарды уақытылы пайдалану керек.
Теріні ағарту — терең әрі ауыр әсер. Мұндай құралды таңдауда абай болу керек. Оны алмас бұрын дерматологтан кеңес алған жөн. Ағартуға арналған өнімдер терінің жалпы реңкін өзгертіп жібере алады және айтарлықтай байқалатын қара дақтармен күресуге қолданылады. Мұндай қалыптан тыс пигменттелу бетте, қолда және аяқта жиі кездеседі, кей жағдайда қолтық пен іште пайда болуы да мүмкін. Бұл жас ерекшелігіне байланысты және жарақат пен күйік нәтижесінде пайда болады. Сондай-ақ ол безеу, теңге қотыр немесе басқа да тері тітіркенулерінен кейін шығады.
Теріні ағартататын және түссіздендіретін өнімдер неден тұрады?
Тері реңкін өзгертуге көмектесетін құралдардың құрамында меланин түзілуін бұғаттайтын заттар бар. Меланин — қара дақтардың пайда болуына себепші тері пигменті. Оның түзілуіне тері жасушаларының ішінде орналасқан тирозиназ ферменті жауап береді.
Түссіздендіретін кремдердің құрамында тирозиназ тежегіштері бар. Олар осы ферменттің жұмысын баяулатады, сондықтан да түссіздендіргіш әсер байқалады.
Тирозиназ тежегіштеріне гидрохинон, койе қышқылы, альфа-арбутин жатады. Ағартатын және түссіздендіретін құралдардағы қосымша ингредиенттерге реңкті біркелкі ететін және қабыршақтанудың алдын алатын С дәрумені мен азелаин қышқылы, мелатонин түзілуін баяулататын ферул қышқылы мен гликогель қышқылы жатады.
Кей ағартатын құралдарда қолданылатын гидрохинон мен топикалық стероидтар көп мөлшерде уытты болып келеді. Сондықтан да құрамында осы ингредиенттер бар құралдарды қолданбас бұрын тері маманының кеңесі қажет.