Әйел затының барлығы дерлік әрқашан сұлу болып жүруді армандайды. Сондықтан да әр күні әртүрлі үлгі жасап, ерекше көрінуге тырысады. Сондай кездері көмекке келетін құралдардың бірі – термобигуди.
Қазір бигудидің түрлері өте көп. Алайда олардың түрі көп болғанымен, көпшілігін қолдануда біраз уақыт кетеді. Термобигудиді сән салондарындағы мамандар қолдануға қолайлы бигудилердің қатарына жатқызады.
Термобигудидің пішіні барлығына ыңғайлы және дайындалатын материалы шашқа қауіпсіз. Ол пластмассаның жұмсақ түрінен дайындалып, оның ішінде парафиннан жасалған негіз болады. Мұндай бигуди шашты құрғатпайды және 15-20 минутта шашыңызға қажетті форма береді.
Термобигудиді қолдану
1. Классикалық әдіс
Өндірушілер осы әдісті ұсынады. Қолдану нұсқамасы мынадай:
- Қайнаған суға бигудилерді салады. Олардың саны шашыңыздың қалыңдығы мен ұзындығына байланысты. Стандарттық жинақта 10 дана болады. Сондықтан сатып аларда сізге нешеуі керек екенін ескеріңіз.
- Бигудиді 15 минут қайнатыңыз. Парафинді негіздің қызуына осы уақыт жеткілікті.
- Содан соң суды төгіп тастап, бигудиге шашыңызды ораңыз.
2. Үнемді әдіс
Бұл әдісті орындау үшін электр шәйнек керек. Электр шәйнек қайнаған соң, басқа ыдысқа бигудилерді салып, қайнаған суды құйыңыз. Қайнаған су бигудилерді толық жауып тұратындай болсын. 5 минут ұстаңыз, содан соң шашыңызды орай берсеңіз болады.
Қай әдісті таңдасаңыз да өз еркіңізде. Бастысы абайлаңыз. Бигудилер ыстық болғандықтан, саусағыңызды күйдіріп алуыңыз мүмкін. Бигудиді екі қолыңызбен шетінен ұстап алғаныңыз жөн.
Шашыңызды бұйралауда шаш бөлігін көп алып қоймаңыз, себебі бигудидің қысқышы көтермей қалып, қажетті форманы бермей қояды.
Термобигудиді қолданар алдында қанша уақыт ұстау керегін білгіңіз келетін болар. Бұл жерде сіз қандай эффект алғыңыз келеді және бұйраланған шаш қанша уақыт тұру керектігіне байланысты. Жеңіл бұйра алу үшін термобигудиді шашыңызда 5-10 минут ұстағанның өзі жеткілікті. Бұйраны қаттырақ түсіргіңіз келсе, 20 минутқа дейін ұстаған жөн.
Бұйралар алдында шашыңызға көпірік немесе гель жаққан болсаңыз, бигудиді олар толық кепкенше ұстау қажет.