- Негізгі бет
- Сымбат
- Термалды су: түрлері...
Термалды су: түрлері мен пайдалану ережелері
Қала ішінде ыстықтан тұншығып жүргенде теңіз жағасына тап болып, салқын толқынның астына бір күмп еткің келеді. Бірақ бастан асатын жұмыс пен міндеттер жақын жердегі су қоймасына шығуға да мұрша бермейді. Сондықтан тұншықтырар аптап ыстықтан термалды су құтқарады. Бұл өзінің ерекше қасиеті бар минералды бұлақ деуге болады.
Термалды су тарихы
Тұңғыш ыстық сулардың қайнаркөзі ежелгі римдіктермен антикалық дәуірде ашылған. Және дәл солар шипалы судың аймағынан алғашқы шипажайларды сала бастаған. Біртіндеп ыстық сулы шипажайлар әлем бойынша пайда бола бастады. Олардың саны бойынша Франция алда келе жатыр, Италия, Чехия және Венгрия да қалыспайды.
Шипажайлар сол кездері тек ақсүйектер мен зиялы қауымның баратын жері ғана болғандықтан, орта таптағы адамдарға мұндай су қол жетімсіз болатын. Тек XV ғасырдың ортасында минералды бұлақтардан әкелінген термалды су кішкентай бөтелкелерде дәріханаларда сатыла бастады. Термалды су асқазан жарасы, гастрит, асқазаны бұзылған, қан-тамыр аурулары бар адамдарға тұтынуға ұсынылатын.
Бертін келе минералды бұлақтардың пайдалы қасиеттерін денсаулық үшін ғана емес, сұлулық үшін де пайдалана бастады. Ыстық суды өңдеп, косметика құрамына қосуды үйренді. Шипалы судың теріні жақсы ылғалдандыратын, безеу, қышымаларды кетіретін қасиеті бар екені анықталды. Ал ХХ ғасырдың ортасында баллонда сатылатын термалды судың жетілдірілген баламасы жарық көрді.
Термалды судың түрлері
Қазір дүкен сөрелерінде түрлі брендтер ұсынған әртүрлі термалды суларды кездестіруге болады. Бұл сұйықтық құйылған баллондардың бір-бірінен айырмашылығы қандай және қайсын таңдау керек?
Әр брендтің термалды суы өз бетінше ерекше, өйткені өндіруші оны шипалы минералдарға бай арнайы минералды бұлақтан өндіреді. Су сол бұлаққа жақын маңдағы зауытта (алыс тасымалдау кезінде ол өзінің қасиеттерінен айрылады) өңделіп, бітеу баллондарға бөліп құйылады. Өндірушілер өз қалауынша суды қосымша компоненттермен толықтыра алады.
Оны құрамына және теріңіздің типіне байланысты таңдау қажет. Термалды судың төмендегідей түрлері болады:
1. Изотоникалық
Құрамында бейтарап pH бар термалды су, яғни минералдар мен микробөлшектер жиынтығы қан мен ұлпа сұйықтығы құрамымен бірдей. Ол теріні тыныштандырып, қабыну мен тітіркенуді басады. Қалыпты және құрғақ теріге жарайды.
2. Гидрокарбонат-натрийлі
Құрамында жеткілікті түрде минералдар мен микробөлшектері бар термалды су жоғарыминералдандырылған деп аталады. Ол теріні тыныштандырып, қайта қалпына келтіреді, терінің қорғаныш қабатын дамытып, қабыну мен безеулерді кептіреді. Майлы және аралас теріге жақсы.
3. Селен қосылған термалды су
Селен тұзы бос радикалдардың әсерін бейтараптандырады, теріні ерте қартаюдан қорғайды. Жаз мезгілінде мұндай термалды су күнделікті күтім үшін аса маңызды, себебі күнге күйгеннен кейін теріні тыныштандырып, терінің қызаруын басады және сол сәтте ылғалдандырады. Сезімтал теріге арналған.
4. Аз минералданған термалды су
Құрамында 1 г/л-ден кем минералдары бар термалды су. Теріні ылғалдандырады, қабынуға қарсы әрекет етеді. Бұл су құрғақ теріге аса қажетті.
5. Эфир майлары немесе гүл мен өсімдік сығындылары бар термалды су
Мұндай термалды суды қазып алмайды. Айтып өткеніміздей, қосымша компоненттермен байытады. Ингредиенттеріне байланысты мұндай термалды су нақты мәселелермен күреседі. Мысалы, құрамында көктікен немесе қожағай сығындысы бар термалды су терінің қабынуын басады, безеулерді кептіреді. Түймедақ қышымамен күреседі, тітіркенуді басады. Ал алоэ мен раушан күнге күйгеннен кейінгі терінің қызаруын басады, терінің бастапқы қалпына келуін жеделдетеді, эпиляциядан кейінгі терінің тітіркенуін басады.
Түрлі өсімдік майлары да қабынуларға ем болады, сонымен қатар зиянды инфрақызыл сәулелер және бос радикалдармен күресуге көмектеседі. Мұндай термалды су аралас және құрғақ теріге жарайды.
Майлар – ең аллергенді қоспалар екенін ұмытпаңыз, сондықтан, егер теріңіз сезімтал болса, мұндай термалды суды абайлап қолдану керек.
Термалды суды қалай қолдану керек?
Термалды суды бетке және денеге 15 см қашықтықтан сегіз санын салу үдерісімен 5 секунд шашу керек. Күні бойы қанша себемін десеңіз де, өз еркіңіз. Әсіресе көп уақыт офисте отырсаңыз, көп көмегін тигізеді.
Термалды суды қолданғанда, оның қандай түрге жататынын анықтап алыңыз. Мысалы, аз минералданған суды теріде өзі кепкенше ұстауға болады, қатты минералданған суды бірден майлықпен сүртіп тастаған дұрыс, өйткені ол теріні құрғатып, тырыстырады.
Ал сіз термалды су қолданасыз ба?
Сурет: colady.ru, beauty.passion.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina