Бет терісінің әдемі көрінуі - ішкі ағзамыздың жағдайына тікелей байланысты. Бет терісіне шығатын безеулер мен оның қабыршақтануы, ерте қартаюы дәрумендердің жеткіліксіздігінің дәлелі. Ал үй жағдайында жасалған табиғи маскалар бет терісін дәрумендермен қамтамасыз еткенімен, ішкі ағзамызды да дәрумендермен байытып отыруымыз керек. Назарларыңызға бет терісіне қажетті дәрумендер қатарын ұсынамыз.
А дәрумені
А дәрумені бетті ылғалдандырады. Егер ол жетіспесе, тері құрғап, қабыршақтанып кетеді. А дәрумені әсіресе балық пен сиырдың бауырында, жұмыртқаның сары уызында және сүт тағамдары мен сары майда көп кездеседі. Сонымен қатар сәбіз, асқабақ, қызанақ пен түрлі көкөністерде, қырыққабат пен жасыл бұршақта бар. Жеміс-жидектер қатарынан қауын, қара өрікте, шабдалы А дәруменіне бай. Ескертетін жайт дәрумен ағзаға жақсы сіңуі үшін салаттарды өсімдік майымен араластырып жеген дұрыс.
С дәрумені
Теріге С дәрумені жетіспесе, тері түссізденіп, қартаяды. Егер дәрумен ағзада жеткілікті болса тері нұрланып, сұлу көрінеді. Сонымен қатар қабынуға және терідегі түрлі жаралардың тез жазылуына әсер етіп, қан тамырларының қызметін жақсартады. Бұл дәрумен барлық цитрусты жемістерде, апельсин, картоп, тәтті бұрыш пен гүлді қырыққабатта кездеседі. Сонымен қатар қышқыл алма, киви мен қара қарақатта, мүкжидек және грек жаңғағы да С дәруменіне бай.
Е дәрумені
Бет терісінің жас қалпын сақтайтын - Е дәрумені. Бұл түрлі өсімдік майларында кездеседі. Мәселен, мақта, жүгері, күнжіт, зәйтүн, күнбағыс. Сонымен бірге өнімдер қатарынан арқа балық пен қайнатылған жұмыртқа, сүт пен сары майда, сиыр еті мен қой етінде, қызанақ, бұршақ, банан және сәбізде бар.
В дәрумені
В дәрумені бетті ылғандандырып, ондағы қанайналымды жақсартады. Бұл дәрумен арпа, сұлы, қарақұмық дәндерінде, ет пен бауырда, балықта, жұмыртқа мен картопта, орман жаңғақтары мен көкөністерде көп.
Д дәрумені
Бұл дәрумен бет терісінің ерте қартаюын тежейді. Дәрумен сары май мен жұмыртқа, теңіз өнімдерінде көптеп кездеседі.
К дәрумені
К дәрумені бет терісіндегі түрлі дақтар мен сепкілді кетіреді. Қырыққабат пен сәбіз, саумал, асқбақ пен шетен жемісінде К дәрумені өте көп.