- Негізгі бет
- Сымбат
- Тері күтімінің 12...
Тері күтімінің 12 қағидасы
Жылдың қай мезгілі болмасын тап-таза тері иесі атануға болады. Ол үшін небәрі тері күтімінің 12 қағидасын жадыңызға сақтаңыз.
- Сергек ұйқы. Жайлы жатып, жақсы тұрыңыз. Ұйқыңыздың бұзылуына жол бермеңіз. Уақытылы жатып, уақытылы оянған абзал. Адам баласы күніне 7-9 сағат демалу керек. Сергек ұйқы терінің жақсаруына ықпал етеді.
- Ылғалды ауа. Қыс мезгілінде ауа-райы ызғарлы, ал жазда аптап ыстық болғандықтан тері әр кез өзгеріске ұшырап жатады. Сыртқы орта әсерінен тері түлеп, құрғақ кетеді. Бұл жағдайда теріге ылғалды ауа қажет. Таулы аймақтарға, өзен-көл жағасына барып, демалыңыз. Немесе бөлмеңізге ауа ылғалдайтын арнайы құрылғыларды орнатып қойыңыз.
- Су диетасы. Күнделікті таңертең аш қарынға бір стакан су ішкен жөн. Су диетасы ағзадағы зиянды қалдықтарды шығарып, теріні жақсартады. Сондай-ақ, судың теріні нәрлендіретінін ұмытпаңыз.
- Табиғи маскалар. Теріңізді тазартып, өңін жақсартам десеңіз, аптасына 2-3 рет маска жасап тұрыңыз. Бұл, міндетті түрде, сұлулық салонына барып, косметолог маманға жолығу деген сөз емес. Ас үй сөресіндегі азық-түліктердің пайдалы косметика екенін естен шығармаңыз.
- Антиоксиданттарға мән беріңіз. Мүмкіндігінше, құрамында антиоксиданттар көптеп кездесетін косметикалық өнімдерді пайдаланыңыз. Антиоксиданттар теріні жұмсартып, әжімнің түсуіне жол бермейді. Табиғи антиоксиданттар көк шәй, жүзім, апельсин, лимон, жаңғақ, қызылша, қызыл және сары бұрышта кездеседі. Аталған тағамдарды ас мәзіріңізге жиі-жиі қосып жүріңіз.
- Гидротерапия. Күнделікті таңертең душқа түсуді әдетке айналдырыңыз. Гидротерапия ағзадағы қан айналым жүйесін жақсартып, бойға сергектік сыйлайды.
- Косметикалық өнімдер. Қол кремдері мен бет-мойынға арналған аранайы лосьон жағып жүріңіз. Себебі, бұл өнімдер терінің жөнсіз құрғап кетуіне жол бермейді.
- Дәрумендер. Кез келген дәріханалардан ағзаға пайдалы дәрумендерді сатып алуға болады. Болмаса, дәрумендерге бай сарымсақ, асқабақ, көк шөп, қияр, қызыл бұрыш, орамжапырақ сияқты көкөністерді көп мөлшерде пайдаланыңыз. Теріңіз нәрленіп қана қоймай, сіз авитаминозға қарсы төтеп бере аласыз.
- Фен қолдануды доғарыңыз. Себебі, фен шашты ғана емес, бас терісін де құрғатып жібереді.
- Ағзаңызды тазартыңыз. Бойыңызды әлсіздік билеп, өзіңізді нашар сезінсеңіз, ағзаңызды тазартыңыз. Тазарту арқылы сіз ағзадағы зиянды қалдықтарды шығарып қана қоймай, 2-3 кг салмақ тастай аласыз. Осы кезде көңіл-күйіңіз көтеріліп, теріңіз жұмсарып, жақсарады.
- Көп мөлшерде су ішіңіз. Су диетасын ұстауды көңіліңіз қош көрмесе, күнделікті 2 литр сұйықтық ішіңіз. Таза судың орнын көк шәй, жеміс-жидек шырындары баса алады.
- Серуендеңіз. Таңертең мен кешке жаяу жүріп, күнге қыздырынып, таза ауада серуендеуді әдетке айналдырыңыз.
Дайындаған: Ғазиза Ұзақ
Суреттер: kleo.ru
Ғ. Ұзақ