Кіршіксіз таза терінің иегері атану - әр қыздың арманы. Алайда қазіргі теріге арналған сұйықтықтар мен кремдердің көп заманында олардың арасынан өз теріңізге дәл келіп, бетіңізді ханшайымдардыкіндей қылатынын қалай тапса болады? Бастысы, жарнамаларға алданбай, мына қателіктерді жібермеуге тырысыңыздар.
Тым қатты әсер ететін бет терісін тазалағыш сұйықтықтарды қолдану. Көптеген қыздардың ойынша, бет терісін тазалайтын гель қаншалықты қатты көпірсе, соншалықты бетті де жылтыратып, жақсы тазартады. Өкінішке орай, олай емес: жұмсақ тазартқыш гельдер мүлдем көпірмейді десе болады, ал тым қатты көпірік – бет жуғыш құрамында күйдіргіш лаурилсульфат бар екенінің белгісі. Ол бетті терісіне ауадай қажет липидтерден айырады. Сондай-ақ оның құрамында безеулер мен түрлі тері ауруларын қоздыратын изоприл болуы мүмкін. Құрамында майлы қышқылдар бар жұмсақ тазалағыш гельдерін қолдануға тырысыңыз. Ол терінің табиғи қорғаныс қабатын бұзбай, теріңізді жұмсақ тазартып береді. Құрғақ не сезімтал теріге арналған сұйықтықтарды таңдағаныңыз дұрыс. Бетті сабынмен жууды мүлдем ұмытыңыз! Есіңізде болсын: Сіз қолданатын сұйықтықтар мен кремдердің құрамында неғұрлым химиялық қоспалар аз болса, соғұрлым дұрыс! Пилингты қате қолдану. Әртүрлі скрабтар терінің түсін біркелкі қылып қана қоймай, сондай-ақ кішігірім әжімдерді тартып, жасартатын да қасиеті бар. Алайда пилингтермен өте абай болу керек. Бұл сізге сол баяғы крем мен маскалар емес, оларды дұрыс, байыппен қолдану керек, басқа жағдайда олардың пайдасынан зияны көбірек болады. Бұндай скрабтарды 30-дан кейін қолдана бастау керек, оған дейін жас терінің жасушалары өзі де бұл қызметті атқара алады. Сондай-ақ қазір кремдердің құрамына да пилингтік құрамдас бөліктер қосыла бастады. Кремдердегі пилинг энзимдер мен қышқылдардың арқасында жүзеге асады. Олар скрабтардағы қосылыстардан жұмсағырақ болса да, оларға қоса кешкісін бетіңізді скрабпен жусаңыз, теріңіздің жұқа беті шыдамайды. Ретиноид немесе А дәруменінің туындысы – әзірге әжімдерге қарсы төтеп бере алатыны ғылыми дәлелденген жалғыз қосылыс. Ол әжімдердің алдын алып, пайда болып қойғандарға да дауа бола алады. 30 жастан кейін құрамында А дәрумені бар кремдерді қолдану шарт. Осындай кремдерді елемей, оларды қолданбау болашақта теріңіздің тез қартаюына апаруы мүмкін. Сұлулық салонындарына жиі бару. Иә-иә, қате оқыған жоқсыз. Қыруар ақшаны құртып, косметикалық дауаларды қабылдау әлі керемет нәтиженің кепілі емес. Косметолог маманның тері ерекшеліктеріңізді білмей, сізге берген емі нәтижесінде бетіңізде безеу, аллергия, не басқа да реакция туғызуы мүмкін. Сізден жақсы теріңізді кім біле алады? Ал табиғи, үйде жасалған маскалардан пайдалы не болу мүмкін? Сондықтан салондарға барып, ақшаңызды құртқанша, үйіңізде-ақ теріңізге көңіл бөліп, күтім жасаңыз. Күннен сақтайтын кремдер мен сұйықтықтарды жиі қолданбау. Күннен қорғайтын кремді тек шомылуға барғанда ғана қолдану керек деп ойлайсыз ба? Әлде тек жазда ма? Жо-жоқ. Бұндай сұйықтықтар мен кремдерді күнделікті қолдану керек екен, тіпті қыста да. Күн – теріңіздің қас жауы. Кез келген сіз қолданатын крем, тоник, опа, реңк беруші кремдердің күннен қорғау индексі SPF 15-тен кем болмау керек. Ал жазда, шомылуға барғанда, не қыста тауға шаңғы тебуге барғанда сізге одан да жоғары қорғаныс индексі қажет болады. Шаршап келгеніңіз соншалықты, макияжыңызды жумастан тәтті ұйқыға баттыңыз ба? Міне, нағыз қателік. Бұндайға сирек жол берсеңіз де, ол теріге бірнеше аптаға ұмыттырмас ауру қалдыруы мүмкін. Ұйқыға жатпас бұрын бетіңізді жақсылап арнайы гельмен тазартып жуып, тоникпен сүртіп тұрыңыз. Артынан түнгі крем жақсаңыз, тіпті жақсы! Сөреңізде тұрған косметикалық сұйықтықтар мен крем-гельдеріңіздің сақталу мерзімін қадағалаңыз. Қыздардың әдеті сол, косметиканы көптеп алып, оны лақтырмай, бітіргенше сақтап қояды. Алайда оның сақталу мерзімі шықса, мейлі ол толып тұрса да, лақтыруыңыз керек. Себебі одан кейін ол сізге еш пайда әкелмей, керісінше зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан осындай заттарды еш аямай тастап, келесі күні дүкенге барып, жаңа косметика алыңыз!Сөз соңында айтарымыз: Әдемі, күтімді тері қыруар ақша тұратын, сирек кездесетін балдырдан істелген ғажап кремдерді талап етпейді. Бар керек болғаны – күнделікті, дұрыс күтім.
Сурет: beauty.passion.ru.