- Негізгі бет
- Сымбат
- Тері күтіміндегі басты...
Тері күтіміндегі басты қателік
Қыздардың көбі тері саулығы мен сымбаттылығын сақтау оңай мәселе деп санайды. Бастысы ұмытпай күнделікті күтім көрсету керек деседі жас арулар. Осы кезде өте үлкен қателік жіберуіңіз әбден мүмкін.
Әрине теріге керегі күнделікті күтім мен сапалы косметикалық құралдар. Алайда құралдарды жағуда дұрыс ретті сақтау да өте маңызды екен. Косметикалық құралдардың жағылуының дұрыс ретін біліп, ережені ұстану керек. Әрине заманауи арулар кремнен кейін тоник жағу сияқты қателерді жібермейді, алайда соңғы кезде көбейіп кеткен түрлі құралдарды (акнеге қарсы құрал, күн сәулелерінен қорғайтын құрал, ылғалдандырғыш сарсу, пигментацияға қарсы құрал) қайсысынан кейін қайсысын жағу керек?
Бет терісі күтіміндегі құралдар саны 3-тен асса, бұл мәселе қиынға соғады. Бұл сұрақ тек косметика қолданатын арулар үшін ғана емес, өндірушілер үшін де үлкен мәселеге айналғанын айтып өткен дұрыс. Beauty-құралдарды теріге дұрыс ретпен жағу олардың нәтижелілігіне үлкен әсер етеді, ал бұл ретте қате жіберу қымбат косметикалық құралдарды далаға төккенмен бірдей болады.
Мамандардың айтуынша, дұрыс ретті сақтамау теріге еш зақым тигізбейді, бірақ бұндай косметикалық дауаларының пайдасы мүлдем болмайды. Сапалы косметиканың түр-түрін сатып алуға ақша аямаған ару оны оңтайлы пайдалануды да көздейтін болар.
Заманауи косметикалық құралдардың жағылу ретін анықтау оңай емес. Маркетологтар жарнама арқылы бірдей функционалды заттарды түрліше атап сата береді.
Бастысы құралдың атауы емес, оның тығыздығы мен құрамы. Басты критериий: сіз бір құрал жаққаннан кейін оның үстіне жағылатын құрал теріге өте алуы керек. Яғни, косметикалық құралдарды ең жеңілінен бастап жағыңыз. Тек осы жағдайда крем-гельдер өз қызметін орындап, теріге сіңіп, оған күтім көрсете алады.
Бірақ кейде beauty-құралдар бір-біріне қатты ұқсайды, олардың қайсысын бірінші қолдану керектігі түсініксіз болады. Мысалға гель-крем мен сарсудың айырмашылығын байқай аласыз ба? Мұндай кездері косметикалық құралдың теріге қаншалықты жақсы сіңетінін тексеру керек. Егер қолданып отырған гель не крем терінің бетінде қалса, ол эпидермиске толықтай сіңбегенінің белгісі. Бұл құралдар жағылу реті қате болғанын көрсетеді.
Бұл ережеге 2 косметикалық құрал бағынбайды: SPF көрсеткіші бар құралдар мен безеулерге қарсы құралдар. Оларды барлық құралдардан бұрын, бірінші кезекте жағу керек.
SPF көрсеткіші бар құрал 20-30 минутта сіңеді, осы уақытта ол тері жасушаларымен әрекетке түсіп, байқалмайтын қорғаныс қабатын құрайды, нәтижесінде теріні күннің жаман әсерінен қорғайды. Демек күннен қорғаныс құралдары бірінші кезекте жағылады.
Бет терісіндегі безеу не басқа да дерматологиялық кемшіліктерден емделіп жүрсеңіз, осы мақсаттағы құралдарды бірінші кезекте, күннен қорғаныс құралдарынан бұрын жағу керек.
Бірнеше құрал жағып олардың сіңуін күтуден шаршасаңыз, бірнеше құралдың қасиеті бар әмбебап құралдарды қолданып көріңіз. ВВ немесе СС кремдері осыған жатады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: blog.she.com
С. А