- Негізгі бет
- Сымбат
- Тері күтімі: Корейлік...
Тері күтімі: Корейлік «4-2-4» техникасы
Корей әйелдері кешенді тері күтіміне, соның ішінде, теріні тазарту процедурасына аса мән береді. Олардың көпшілігі қолданатын «4-2-4» теріні тазарту техникасы жайлы айтамыз.
«4-2-4» жүйесі бойынша жуыну үшін екі құрал — гидрофильді май мен өзіңіздің тері типіңізге арналған жуынатын гель қажет.
Жуынар алдында беттегі макияж қалдығын мицеллярлы сумен немесе сүтпен кетіріп алған жөн. Алайда бұл міндетті процедура емес, бірақ ол ұсақ тесіктердің барынша терең тазаруына ықпал етеді.
1-кезең: Гирофильді май
Құрғақ теріге гидрофильді май жағып, 4 минут бойы саусақ ұштарымен массаж жасай отырып уқалаңыз. Гидрофильді май кез келген ластықты тазартады, ал массаж қан айналымды жақсартады. 4 минут өткен соң бетті сумен шайып, қағаз майлықпен немесе сүлгімен құрғатыңыз.
2-кезең: Бет жуатын гель
Құрғақ бетке теріні тазартатын құралды жағып, көпіртіп, 2 минут бойы теріні массаж жасап уқалаңыз. Бет жуатын гельді құрғақ теріге жағу маңызды. Сол кезде жеңіл пилингке ұқсайтын қосымша эксфолиация (терінің қабыршақтануы) әсерін алуға болады.
3-кезең: Сумен жуыну
Содан соң 2 минутқа жылы суды қосып, беттегі тазартушы құралды кетіріңіз. Осы 2 минутта ұсақ тесіктер ашылып, нәтижесінде терінің уытсыздану процесі іске қосылады. Одан кейін тағы 2 минут бетті суық сумен жуу керек. Бұл кезде ол ұсақ тесіктердің жабылуына ықпал етеді және теріні сергітеді.
А. Жапатова