Күнделікті таңғы макияжға кейбір қыздардың уақыты жетпей жатады. Біреулер жұмысына асығады, біреулер оқуға, тағы біреулер ұшаққа үлгеруі керек. Онсыз да аз уақытты макияжға емес, басқа істерге жұмсауды құп көріп, аруларымыз өзіне қарауды ұмытып кетіп жатады. Қалаған жағдайда макияжға 10-15 минут та жетеді. Ең бастысы, қажетті айла-амалдарды рет-ретімен, жүйелі түрде жасасаңыз жеткілікті.
1-ші кеңес
Тоналды крем бетіңізге оңай әрі тегіс жатқанын қаласаңыз, бетіңізге алдымен күндізгі кремді жағып, 5 минут күте тұрыңыз. Крем теріге сіңіп жатқанда басқа да істермен айналыса аласыз: шай қойыңыз, киімдеріңізді үтіктеңіз, сөмкеңізді жинаңыз немесе таңғы ас дайындаңыз. Бұдан кейін тоналды кремді еш алаңсыз жаға берсеңіз болады.
2-ші кеңес
Таңертең косметикаңызды жер-жерден іздеп жүрмес үшін жатар алдында бәрін дайындап қойыңыз. Ертең киетін киіміңізге сәйкес көз бояуын, далабыңызды дайындаңыз. Бұл таңғы уақытыңызды үнемдейді.
3-ші кеңес
Егер қатты асығып тұрсаңыз, күндізгі макияж үшін тегіс тері, қалың кірпік пен ерін жылтырағы ең оңтайлы нұсқа болып табылады. Осындай қарапайым макияж түр-әлпетіңізге сергектік пен жинақылық береді. Бет теріңізге тоналды крем, ерніңізге жылтырақ далапты жағыңыз, ал кірпіктеріңізді тушьпен жақсылап бояңыз. Мұндай макияж жасау көп уақытыңызды алмайды.
4-ші кеңес
Егер көзіңіз сұрықсыз көрінбегенін қаласаңыз, көз айналасын мұқият қарындашпен сызып шығыңыз. Көз бояуын жақпасаңыз да болады, бұл біраз уақыт алады. Көзқарасыңызға айқындық беру үшін қарындашты бояу жаққышпен немесе мақтамен уқалап, қарайтып жіберсеңіз болады.
5-ші кеңес
Ерін бояуға ұзақ уақыт жұмсамас үшін ашық түсті ерін жылтырағын пайдаланыңыз. Оны жағу үшін ерінді қарындашпен сызу қажет емес. Сонымен қатар, жылтырақ далап ерінге нәзіктік пен балғындық сыйлап, табиғи көрінеді.
6-шы кеңес
Егер кірпігіңізді тушьпен бояғыңыз келмесе, кірпік қысқышпен кірпіктеріңізді қайырып қойсаңыз болады. Қайырылған кірпіктер көз жанарыңызды ашып, көзқарасыңызды айқындай түседі.
Қарап тұрсақ, таңғы макияж соншалықты қиын емес екен. Әрдайым әдемі болып жүрейік!
Сурет: alkupone.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина