- Негізгі бет
- Сымбат
- Тамақты аз жеудің...
Тамақты аз жеудің 10 тәсілі
Үнемі тамақ жеп отыру әдетіңізге айналды ма? Артық тамақтанудың дұрыс ұйықтауға кедергі келтіретінін білеміз. Ендеше, аштық сезімін алдап, тамақты аз жеудің жолдарын ұсынамыз.
1. Тыныштықта тамақтаныңыз
Біз музыка немесе теледидар қосулы тұрғанда тамақ жесек, алаңдап, қажеттіден артық жеп қоямыз. Сондықтан тамақ ішкенде ештеңе қосулы болмағаны жөн.
2. Тамақтанар алдында серуендеп келіңіз
Тамақ ішер алдында таза ауада серуендеу аштық сезімін басады екен. Оның себебі – ағзаның оттекпен толуы. Егер серуендеуге уақыт болмаса, бірнеше рет терең тыныс алыңыз.
3. Алма, банан немесе жалбыз иіскеңіз
Америкалық диетологтар иіс пен тәбеттің арасындағы өзара байланысқа қатысты зерттеу жүргізген. Тамақтанар алдында алма, банан және жалбыз иіскеген адамдар тамақ аз жеп, нәтижесінде оңай салмақ тастаған.
4. Түске мән беріңіз
Көк түс тәбетті түсіретіндігі бұрыннан дәлелденген. Ал керісінше, қызыл, қызғылт-сары және сары түстер тәбетті ашады. Сондықтан мерекелік отырысқа көк түсті көйлек киіп барыңыз. Сонымен қатар, үйге көк дастарқан мен көк түсті ыдыс аяқтар алуға болады.
5. Шағын ыдыспен тамақтаныңыз
Кішкентай ыдыстармен тамақ ішуді әдетке айналдырыңыз және қосымша тамақ сұрамаңыз. Кішкентай ыдыспен көп мөлшерде тамақ жеу келіспейді.
6. Өзіңізді тыңдаңыз
Өз ағзаңыз берген белгіні тыңдаңыз. Шынымен қарныңыз ашқанда тамақ ішіп, тойғанда тоқтай біліңіз. Қарныңыз ашпаса, біреуге серіктес болу үшін немесе тамақ ішетін уақыт болғаны үшін ғана тамақтанбаңыз.
7. Тамақтың ұнайтынын таңдаңыз
Өзіңізді қинап, аш жатудың немесе дәмсіз тамақ жеудің қажеті жоқ. Егер тәтті мен майлы тамақты жақсы көрсеңіз, мәзіріңізде олардың аз мөлшерін болсын қалдырыңыз. Дәмді әрі пайдалы тағамдардың рецептілерін табыңыз. Тамақты дайындаудан да рақат алыңыз.
8. Ұйқыны қандырыңыз
Америкалық ғалымдар 15 жыл бойы 68 000 емделушіні бақылап, тәулігіне 5-6 сағат ұйықтайтындар 7-8 сағат ұйықтайтындарға қарағанда семіздікке икемді екендігін анықтаған. Сондықтан, егер арықтағыңыз келсе, ерте жатып, көп мөлшердегі кешкі тамақтан аулақ болыңыз. Ас қорытудың белсенді фазасы тыныш ұйқыға кедергі келтіреді.
9. Қадам санаңыз
Күнделікті қадам санын есептейтін қосымша жүктеп алыңыз. Егер белсенді спортпен айналыспасаңыз, сіздің мақсатыңыз – күніне 10 000 қадам деңгейіне жету.
10. Тамақтан соң тісіңізді тазалаңыз
Кешкі тамақтан соң бірден тісіңізді тазартыңыз. Сол кезде ұйықтар алдында тағы да тамақ ішкіңіз келмейтін болады.
А. Жапатова