- Негізгі бет
- Сымбат
- Сымбаттылықтың 13 ережесі...
Сымбаттылықтың 13 ережесі
Адамның сезімдері, ойлары және көңіл күйі дене жағдайымен тікелей байланысты. Олар бір-бірінен бөлек болуы мүмкін емес және бірлесіп жұмыс істейді. Мінсіз дене пішініне жету жолында жан жағдайы және психологиялық байланыс жайлы ұмытпаңыз: жан қиналса, дене де қиналады. Төмендегі ұсыныстарды сақтасаңыз, хал-жайыңыз жақсарады, өзіңізді жеңіл сезінесіз және көңіл күйіңіз көтеріңкі жүреді.
1. Ояну
Жаңа күнді қандай көңіл күймен бастау өз қолыңызда. Көзіңізді ашқаннан бастап күлімдеңіз. Өзіңізге және жақындарыңызға қайырлы таң тілеңіз. Жайнақы және оптимист адам қуатты әрі көп қозғалатын болып келеді. Ал калория қозғалыс кезінде кететінін бәріміз білеміз.
2. Таңғы жаттығу жасау, жүру, жүгіру
Белсенді таң – күннің ең жақсы бастамасы. Физикалық жүктеменің кез келген түрін таңдаңыз. Олардың барлығы майдың кетуіне ықпал етеді. Ал ол үшін таң – ең қолайлы уақыт. Күнделікті жаттығу денемен қатар, ерік-жігерді де жаттықтырады.
3. Қарама-қарсы душ қабылдау
Бұл өте пайдалы әрі тиімді процедура. Ол зат алмасудың жылдамдауына ықпал етеді, қан айналымды жақсартады, ағзаның жалпы тонусын көтереді, қартаю процесін баяулатады және тері түсіне жағымды әсер етеді. Қарама-қарсы душ қабылдау таңертең көңіл күйді көтерсе, кешкісін шаршағандықты басып, босаңсуға көмектеседі. Бұл процедураны күнделікті әдетке айналдырмас бұрын дәрігермен кеңескен жөн.
4. Тойымды таңғы ас ішу
Түнде зат алмасу баяулайды, ал тойымды таңғы ас оны ретке келтіреді және ағзаны күні бойына жететін қуатпен қамтамасыз етеді. Толыққанды таңғы ас ішсеңіз, түскі асқа дейін немесе түскі ас кезінде артық тамақ жемейсіз.
5. Аз-аздан, бірақ жиі тамақтану
Жақсы зат алмасу болу үшін әр 3 сағат сайын аздап тамақ жеп, оны асықпай шайнау керек. Әр тамақтың дәмін сезуге және одан ләззат алуға тырысыңыз.
6. Кешкі сағат 18:00-ден соң тойымды тамақ жемеу
Ұйықтауға 2-3 сағат қалғанда жеген тамағыңыздың бәрі ішке май болып жиналады. Оған қоса, ұйықтарда тамақ ішу ұйқы сапасын бұзады. Ұйқының қанбауы әлсіздікке, ашушаңдыққа және мотивацияның жоғалуына әкеледі.
7. Тіскебасарлардан бас тарту
Аштық сезімі бірнеше себептерден пайда болады: таңғы астың тойымды болмауы, түскі астың құнарсыз болуы немесе уайымды тамақ жеу арқылы басу. Егер уайымдағанда тамақ жей беретін болсаңыз, бұл әдетті басқамен ауыстыруды қолға алыңыз. Мысалы: бір орында тұрып бірнеше рет секіру, далада жүріп қайту және т.б.
8. Спортпен айналысу
Аэробика, жүзу, би, йоганың барлық түрі – калория кетірудің тиімді әдістері. Сондай-ақ олар көңіл күйге жағымды әсер етеді.
9. Зиянды әдеттерден бас тарту
Кофе, алкоголь, темекі, газдалған сусындар және басқа да зиянды әдеттер дене сымбаттылығына кері әсерін тигізіп қана қоймай, адам психикасын да бұзады. Сымбатты дене пішіні мен жақсы көңіл күйдің болуына көк шай, су, таза ауа және дұрыс тамақтану қажет екенін ұмытпаңыз.
10. Сүйікті астан бас тартпау
Сүйікті астан толықтай бас тарту адам психологиясына (мысалы, өзін-өзі бағалауға) пайдасынан гөрі зиянын көбірек тигізуі мүмкін. Одан толықтай бас тартудың қажеті жоқ, тек әр нәрсенің мөлшерін білу қажет екенін ескеріңіз. Калориялық өнімді диеталық ингредиентпен ауыстырып көріңіз.
11. Өлшену
Күнде бір уақытта өлшеніңіз. Сол кезде салмақтың азаю процесін дұрыс бақылай аласыз. Әртүрлі уақытта әлсін-әлсін өлшену әртүрлі нәтиже көрсететіндіктен, одан көңіл күйіңіз түсіп кетуі мүмкін. Таразыдағы сандарға аса мән бермеңіз, ол сіздің өзін-өзі бағалауыңызға негативті әсер етеді. Өзіңізді қандай салмақта жеңіл әрі жайлы сезінесіз, сол сіздің мінсіз салмағыңыз деп қабылдаңыз.
12. Қатаң диетаұстамау
Ағза май, көмірсу және пайдалы заттардың қандай да бір мөлшерін алуы керек. Қатаң диеталар ұстау асқазан проблемаларына әкеледі. Оның орнына жеңіл тамақтанатын күндер ұйымдастырыңыз.
13. Демалу
Біреумен жағымды әңгімелесу, қуану, әзілдесу, күлу, құшақтау секілді жағымды сезім сыйлайтын сәттер адамның сымбатты болуына және ұзақ өмір сүруіне ықпал етеді.