Әдемі болып көріну — өнер. Өнерге баулу арқылы ғана адам оны өз бойына дарыта алады. Әдемі болу өнерін үйрену қиын емес. Бар болғаны, еріншектікке жол бермеу. Жас пен дәрежеге, материалдық және психологиялық жағдайларға қарамастан, әйел адам әдемі болып жүруі тиіс. Сұлулық көші одан әрі жылжиды, бүгін “күтім” жайында сыр шертпекпіз.
Психологтар мынадай дәлелді келтіреді: сырт келбеті арқылы әйел әлемге өзін таныстырады. Табиғаттың әйелді қалай жаратқандығына қарай,ол өзіне өзгелердің таңданысы пен өкінішін тудыра алады. Өз-өзіңізге күтім жасауды қолға алыңыз және әдетке айналдырыңыз. Сұлулыққа ұмтылу — наздық емес, асыра сілтеушілік те емес. Өзіңізге айналадағы жандардың тарапынан жағымды әсер қалдыру үшін әдемі болып жүру маңызды.
Ал әдемілік немен өлшенеді деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Шаштың түсі мен ұзындығы, қас пен кірпіктің қалыпты жағдайда болуы, киім киюдегі стиль — кез келген бойжеткен мен келіншектің айнасы. Алайда, барлық ханымдар есте ұстайтын бірнеше ережелер бар. Бір қызығы, әдемі болып көріну үшін шығындалудың қажеті шамалы. Бірақ, ескерту қатал: ережелерді бұзбай, күнделікті сақтап отыру қажет. Бір сәтте ханшайымға айналып шығу тек ертегілерде ғана болады. Ал өмірде ханшайым болу үшін, өмір бойы тынбай күтініп жүру керек. Бізден алынған кеңестерді есте сақтай отырып, өзіңіздің сырт келбетіңізді бір сәтке болса да, назардан тыс қалдырмауға тырысыңыз...
Күтім қалай жасалады?
Кеңес: Жеке басыңызға ғана тән ерекшеліктерді ескере отырып, сұлулық салонына барудың міндетті кестесін жасап қойыңыз.
1. Тазалыққа табынушылық
Бұл күнделікті күтім жасаудың альфасы мен омегасы. Бұл ереже сан ғасырлар бұрын шыққан, маңыздылығын бүгінгі күнге дейін жоғалтпаған. Орта ғасырда суға шомылу өте қауіпті саналды. Соған қарамастан, ол заманның адамдары екі аптада бір рет жуынатын болған. Бетке бояу жағу ықылым заманнан бері бар, орта ғасырлық адамдар бояу лас бетке ұқыпты жағылатынын және жақсы сақталатынын білген. Алайда, бұл ескінің дәстүрі.
Қазіргі таңда тазалық—денсаулықтың кепілі. Сұлулықтың да кепілі тазалық болып тұр. Күнделікті қоршаған ортаның зиянды факторларынан бетті тазартып тұру үшін күніне екі рет бетке арналған сусабынның көмегімен жуынып тұруыңыз шарт. Кірдің әсерінен бет терісі астында қосымша қабық пайда болады. Қабық болса, бет терісін күтімсіз көрсетеді. Қоршаған ортаның кейбір жағымсыз мінездері адамның сырт келбетіне қатты әсер етеді. Сол үшін бетті тазалап отыру — күтімнің басты әрі негізгі ережесі. Маңызды бір жайт, барлық істі орындаған кезде ләззат ала отырып, шын ынтамен жасаңыз. Міндет санап, амалсыздан күтім жасау күтім емес. Бет жуған сәтте рахат ала отырып, жусаңыз, оның әсері екі есе болады.
Бетіңіздің терісіне мән беріп, келісті иіссу таңдай білу маңызды. Бет терісі әдетте майлы, құрғақ болып бөлінеді. Майлы бетті құрғақтандырғыш иіссумен, құрғақ бетті ылғалдандырғыш иіссумен жуу қажет.
2. Бет кескіндерінің айқындылығы
Басты назар мен уақытыңызды шашыңыздың үлгісіне, қастың ұқыпты алынуына және тырнақтарыңыздың ұзындығына бөліңіз. Ол үшін бірнеше аптада бір рет осы жерлердің бабын жасайсыз. Әлбетте,шашты реттеп отыру үшін шаштаразшының көмегіне жүгінуге тура келеді. Ал тырнақ пен қастың қалпын өзіңіз-ақ жүзеге асыра аласыз. Көзіңіздің үстінен бір артық қылшық өсіп кетсе, сол бір қылшық бүкіл ажарыңызды алып қояды. Ол өзіңізге білінбегенімен, айналадағы жандардың көзіне оттай басылады. Сондықтан, өзіңіз жиі жүретін жерлерде: әжетханада, жұмыс үстелінде, айна алдында бір қас жұлғыштан тұрса, жақсы. Қол босаған уақытта қастың артық жерлерін теріп отырасыз. Ал шаш мәселесіне келсек, оны екі күнде бір жуып тұрған дұрыс. Шашты бос жаю немесе түйіп алуды еркіңізге беріңіз. Бастысы, ұқыпты жиналған немесе жайылған болса дұрыс. Егер шаш ұштары шашақтанып кеткен болса, бос жіберемін деп, әуреге салынбаңыз. Себебі, шашақталып кеткен шаш ұштары ажарыңызды қашырады. Тырнақтың жөндеуі де өзіңіздің қолыңыздан келеді. Егер сенімсіз болсаңыз, сән салондарынан жасатуға болады. Бастысы, тырнақтар бір ұзындықта болуы керек және боялған түсі қатты көзге түспейтін, жай түстен болуы шарт. Қара немесе көк сияқты қатаң түстерді қазақ қызы жақпаған. Егер, тырнақты бояу басты шарт деп қабылдамасаңыз, бояусыз қалдырыңыз. Бастысы, күтім көрініп тұрса, болғаны...