Гиалурон қышқылы қазір косметикада ең көп қолданылатын құрамдас бөліктердің бірі саналады. Косметиканың түр-түрін күнделікті қолданатын арулар ол жайлы білуге тиісті.
Гиалурон қышқылы біздің теріміздің қабатында бар қосылыс. Ол терінің қайта қалпына келу барысында үлкен рөл атқарады. Ультракүлгін сәулелерінің әсері нәтижесінде гиалурон қышқылы бөлінбейді не тез тарқап кетеді. Бұл терінің құрғақтығы мен уақыттан бұрын қартаюға әкеле алады.
Демек, біздің терімізге гиалурон қышқылы өте қажет. Қышқылдың терімізде қалыптасу, бөліну аздығынан, бұл тапшылықты сырттан қолданатын косметикалық құралдармен өтеуіміз керек. Косметикалық құралдағы гиалурон қышқылы тері бетінде жұқа қабатпен орайды. Ол теріге демалуға бөгет жасамай, табиғи ылғалдықты осы қабат арқылы сақтайды, терідегі зат алмасу процестеріне кедергі болмайды. Сондай-ақ бұл қабаттың антибактериалды қасиеті бар, сол себепті гиалурон қышқылы безеу сынды тері кемшіліктерін емдеуде, күнге күйгеннен кейін, қырынғаннан кейін теріні тыныштандыруда өте пайдалы саналады.
Қазір гиалурон қышқылын ылғалдандырғыш кремдер, тері қартаюға қарсы құралдар, ерінге арналған бальзамдар, антицеллюлит кремдер, көз маңындағы теріге арналған кремдер, безеулермен күресетін лосьондар мен күнге күйгеннен кейін жағатын құралдар жасағанда қолданады.
Гиалурон қышқылын сондай-ақ инъекция түрінде косметикалық хирургияда жиі қолданады. Мамандардың айтуынша, бұл дауа жасарып қалудың ең оңай жолы. Әсері 3-5 ай сақталады, бірақ қарсы әсері де жоқ емес.
Қазірде гиалурон қышқылы косметикалық құралдарда қолданылатын ең қауіпсіз құрамдас бөліктердің бірі. Ол теріге жағымды әсерін беріп, аллергия қоздырмайды. Әрине оны да қажетті мөлшерде ғана қолданған жөн. Себебі уақыт өте тері гиалурон қышқылының сырттан қабылдануына үйреніп, өзі оны шығармай, "еріншек" болып кетуі мүмкін.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: top-kosmetika.ru