- Негізгі бет
- Сымбат
- Сұлулық кеңестері: Синди...
Сұлулық кеңестері: Синди Кроуфорд
Қазір танымал болып жүрген сән бикештерден ширек ғасыр бұрын түпнұсқа топ-модель ретінде атағы бүкіл әлемге тараған бірегей сұлулардың қатарында Синди Кроуфордтың орны ерек. Өйткені, жасы 50-ден асса да, оның болмыс-бітімі мен сымбатында әлі мін жоқ. Онымен қоса, қызы Кайя да анасының қанымен келген сұлулық пен оның орынды кеңестерінің арқасында қазіргі заманның жарқыраған жұлдызына айналды. Ендеше, бұл кеңестерге сіз де құлақ аса жүріңіз.
1. Спортзалға жиі барыңыз
Синди Кроуфорд жұмысына байланысты спортпен күнделікті шұғылдана алмайды, бірақ бос уақыты шыға қалса, не көңілі бұрған кез-келген уақытта спортзалға барады. Күнделікті жүктемелер мен жаттығуларды шамадан тыс жасауға да болмайды.
2. Көбірек серуендеңіз
Ол үнемі серуендегенді және жүгіргенді жақсы көреді. Бұл дененің пішінін сақтауға көмектеседі. Таза ауада болуға тырысыңыз, демалыс күндерін белсенді өткізіңіз, ауылға барыңыз немесе тауға шығыңыз.
Синди Кроуфорд кардиологиялық жаттығуларға көбірек назар аударып, үйде спортпен шұғылданады. Сонымен қатар, ол жаяу жүруді және велосипед сапарларын жақсы көреді, бұл сондай-ақ дененің жалпы жағдайына оң әсер етеді.
3. Көңіліңіз қалаған тамақтың бәрін жеңіз, тек аз мөлшерде
Синди Кроуфорд диеталарда ұсынылатын кеңестерге бағынбайды. Нақтырақ айтсақ, белгілі бір өнімді рационнан мүлдем шығарып тастауға қарсы. Ең бастысы, азық-түлік мөлшерін сақтау – шарт. Салмақты бақылай отырып, тренажер залында жүгіру немесе жаттығулар көмегімен жеген өнімнің артық калориясын жоюға тырысу керек.
Мысалы, Синди Кроуфорд шоколадты жақсы көреді және өзінің сүйікті тәттісінен бас тартқысы жоқ. Оны тұтынуды шектеу маңызды емес деп есептейді.
Синди Кроуфордтың қызы Кайя Гербер де анасының кеңесін ұстанады. Қос модельдің отбасылық рационында жеміс те, балық та, ет те, макарон мен пюре де бар. Әдетте, кез келген диетолог ауыр тағамдардан аулақ болуға шақыратынын ескерсек, оны ұстанбай-ақ сымбатты көрінуге болатынын осы екі ару дәлелдеп тұр.
4. Күнді дұрыс бастаңыз
Күннің қалай өтері таңға байланысты, ал өмірдің қалай өтері әр күніңіздің атмосферасымен тікелей байланысты. Сондықтан, таңғы асқа қалаған тағамыңызды ішіп, таза ауада сәл серуендеп, хоббиіңізбен айналысып, ішкі гармонияңызды мызғымастай етіп орнатып алыңыз. Одан кейін сізге еш нәрсе кедергі бола алмайды.
5. Демалыста тынығыңыз
Күнделікті қиындықтарды ұмыттыратын қызығушылығыңызбен айналысыңыз. Мысалы, Синди Кроуфорд йогаға барады, кейде кітап оқиды. Өз-өзіне күтім жасағаннан да ләззат алады.
А. Оралқызы