- Негізгі бет
- Сымбат
- Сұлулығыңызға кері әсерін...
Сұлулығыңызға кері әсерін беретін әдеттер
Теріге ұқыпты күтім жасасаңыз да нәтиже байқамауыңыз мүмкін. Оған сіз зиянсыз деп санайтын әдеттер әсер етуі мүмкін.
1. Бір косметиканы жылдар бойы қолдану
Уақыттың жылдам өте шығатыны соншалық кей косметика түрін алғаныңызға бір жыл немесе бірнеше жыл өтіп кеткенін байқамай қалуыңыз мүмкін. Сондықтан 6 айда бір рет болсын барлық косметикаңызды шығарып, жарамдылық мерзімін қарап, лақтыратындарды тастап, қолданбайтындарды басқаға беріңіз.
Құралдардың көпшілігінің текстурасы бактериялардың дамуына қолайлы болып келеді. Бірінші кезекте, оларға кремдер, гельдер, флюидтер және басқа да құрамында суы бар құралдар жатады. Ал құрғақ опа құралдарының жарамдылық мерзімі ұзағырақ.
2. Бояу жаққыштарды бірнеше айда бір-ақ рет жуу
Гигиена – негізгі ереже. Бояу жаққыштар мен спонждарға косметика қалдықтарымен қатар тері майлары да жиналады. Егер оларды кез келген жерде сақтасаңыз, оларға шаң мен басқа да тұрмыстық ластықтар қосылады. Оның бәрі осы құралдар арқылы теріге барады. Соның себебінен теріңізге бөртпе, аллергия, қабынулар шығып кетуі мүмкін. Сондықтан бояу жаққыштар мен спонждарды уақытылы жуып тұрыңыз.
3. Беттегі макияжбен спортпен айналысу
Қыздар спортзалда әдемі әрі күтімді көрінгісі келеді. Егер залға бояусыз бара алмасаңыз, көзге суға төзімді тушь, ерінге далап қолдануға болады. Бірақ теріңізді таза ұстаған дұрыс. Бетке тональді крем, опа сияқты құралдарды жақпай-ақ қойған жөн. Әйтпесе, тер, тері майы, шаң және басқа да ластықтар араласып, бактерияның дамуына арналған орта жасайды. Жаттығудан соң міндетті түрде бетіңізді қайтала тазартуды ұмытпаңыз.
4. Мицеллярлы судан кейін бетті жумау
Қыздардың көпшілігі макияжды мицеллярлы суға суланған мақта дискісімен сүртіп шыққан жеткілікті деп санайды. Бірақ ол дұрыс емес. Мицеллярлы судан кейін бетті жуып алған жөн. Мицеллярлы судан кейін мүмкіндік болмағанда, мысалы, жолға шыққанда жуынбай-ақ қоюға болады. Ал басқа жағдайда қосымша жуынған дұрыс.
5. Теріні зақымдау
Қыздар жаңа шыққан безеуді сол бойда қолымен сыға салады. Ал ондай жаралар жұқпаға бейім келеді. Сондықтан ол ары қарай тарап кетуі мүмкін. Сығылған безеу жазылып болмайды. Қара нүктені де тырнақпен сығу қосымша тері мәселелеріне әкеледі.
6. Жастықтың тысын сирек ауыстыру
Тері төсекпен қаншалықты ұзақ жанасатынын ойлаңыз. Оның үстіне түнде тері майы (себум) өңделуі тоқтамайды, керісінше, іске қосылады. Себебі бұл уақытта тері токсиндерден белсенді құтылып, оны сыртқа шығара бастайды. Сондықтан жастыққапты 3-4 күнде бір рет ауыстырып тұрған жөн.
7. Бір қырымен ұйықтау
Көпшілікке бір қырымен ұйықтаған ыңғайлы. Бірақ бетіңіздің жастыққа тиіп жатқан жағы қыртыстанып қалады. Осы қалыпта бірнеше сағат жатып қалуыңыз мүмкін. Бет пен мойында әжім ерте пайда болмас үшін өзіңізді шалқасынан жатуға үйретіңіз. Жастықтың барынша төмен болуын қадағалаңыз.
8. Үнемі гаджетке қарап отыру
Соңғы жылдардағы косметика әлеміндегі трендтің бірі – гаджеттен қорғайтын косметика шығару. Гаджет экранынан шығатын "көк жарық" теріге жағымсыз әсер етіп, ерте қартаюға әкеледі делінеді. Бұл тұжырым әлі де зарттеліп жатыр. Бұл сұрақты қоя тұрғанның өзінде үнемі ұялы телефонның экранына бүгіліп қарап отыру мойынға әжім түсуіне ықпал ететінін ұмытпайық.
9. Көмірсулар жеу
Сұлулыққа кез келген қарапайым (жылдам) көмірсулар қауіп төндіреді. Қантты кез келген түрде, газдалған сусындар және пісірмелерді жемеген дұрыс. Себебі қарапайым көмірсулар ағзаға гликация процесін жібереді. Ол тері жастығы мен иілгіштігіне қажет коллаген талшықтарын желімдеп тастайды. Ол тек тері жағдайына емес, сонымен қатар жалпы ағза денсаулығына жағымсыз әсер етеді. Сондықтан сұлулығы мен жастығын ұзаққа сақтағысы келетіндер дұрыс тамақтануға көшуді қолға алу керек.