Сұлу болудың сырында да қателік бар

Сұлу болудың сырында да қателік бар

Сұлулықта артық қылам деп тыртық қылушылықтың бары рас. Сәннен қалмаудың қамын жеген нәзік жанды ару кейде жарасымсыз дүниеге жақын келеді. Сұлу болудың сыры қиын да емес. 

Біз осыған дейін, сіз бен біз болып сұлулықтағы 5 уәде туралы әңгіме қозғап едік. Макияждағы қателіктер жайында да айтылған. Ал бүгін сұлу болып көрінудегі қателіктер жайлы әңгімені жалғастырайық. 

№ 1. Ең "ауыр" қате - бетіңіздің түсі мен мойныңыздың түсі келіспеуінде. Бет терісіндегі кемшілікті жасыру үшін үйіп тональды крем жағасыз. Сонда айнаға мұқият қараңызшы: бетіңіз аппақ, ал мойныңыз онымен мүлде үйлеспейді. Сіздің тональды крем жағып алғаныңызды мойныңызға қарап-ақ аңғаруға болады. 

№2. Ерінге арналған ашық түсті контур. Егер ерін шетін сызатын қаламыңыз бен далап түсі сәйкеспесе, тағы бір қателікке жол бердім дей беріңіз. Өйткені екеуінің түсі бір-бірімен үйлеспесе, тіпті жарасымсыз болмақ. 

№3. Еңлікті бетке жағуда да қателікке жол береміз. Ол бетіңізге жай ғана күн сәулесі түсіп тұрғандай етіп қана көрсетуі керек. Ал сіз еңлік жақсаңыз, көпшілік ортада ұяттан беті қызарған жанның кейпіне енесіз.

№4. Өңі кеткен тырнақ бояуын өшіріп тастау керек. Оған тек 3 минут қана уақыт кетеді. Осы күймен отырысқа барып кеш бойы тырнағыңызды жасырып отырғаннан сол дұрыс!

№5. Қатты күнге күю де сұлулықтың қателігі болып саналады. 

№6. Қасыңыз табиғатынан қалың болмаса, түсінікті. Оны тек қара қаламмен қалың етіп бояудан қашыңыз. Алыстан шынайы көрінгенмен, жақын келгенде қасты емес, тек қастың суретін көретін адамды да аяңыз. 

№7. Кіндік көрсетіп жүрудің сәнге айналғанына да біраз болды. Қазір де кіндігі ашық жүретін арулардың саны саусақпен санарлықтай ғана емес. Әйел затының ең әсем де, нәзік бөлшегі саналатын кіндікті ашып жүруді айып көрмейтін арулар зор қателікке ұрынуда. Қысқа кеудеше киіп кіндік тұсына әшекей тағудан аулақ болыңыз.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

суреттер: look.tm, koreanlife.ru


А. Әбілхан