Бүгінде сұлулық туралы түсініктің екі ұшы бар деуге болады. Пластикалық операцияны айтқан кезде, біртүрлі жүрегімізге үрей ұялайды. Бірақ, бәрібір басымызды бәйгеге тігіп, сұлу болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз…
Әйел өз-өзіне қатты сынмен қарайтын жаратылыс. Денесіндегі жағымсыз өзгерісті сезген бойда, соған қарсы күрес жариялап, түрлі тәуекелге барады. Артық салмақпен белсенді түрде күресіп, өз-өзіңді қинап, не шығындалып емнің сан түрін алсаң да, мамандар дәлелдегендей, шыққан қорытындыны ұстап тұру қиын-ақ. Артық салмақтан тез арада арылу кейде үлкен проблемаларға әкеліп жатады. Әйелдің болмысы сондай ма, әлде басқа себептері бар ма, артық келіден арылу үшін олар спортпен айналысудан басқа шараларды іздеумен болады. Физикалық күш түсіргісі келмей, басқа тәсілдерді таба отырып, олардың денсаулыққа үлкен зиян келтіретінін ескермейді.
Мысалға қымбат тұратын танымал кремді алсақ. Бұлар шынында да белгілі бір уақытқа беттің дақтарын кетіре алады. Белгілі бір уақытқа ғана… Олардың құрамында терінің өзінде де бар заттар болады. Сондай кремдерді қолданғаннан кейін, теріде бар сол заттар өз қызметін тоқтатады. Ал тері сол заттарды қажет еткен жағдайда, дәл сол кремді алмасаңыз, тұра алмайтын дәрежеге жетесіз. Міне, осылайша, фирма сізді өз өніміне тәуелді етеді. Ал кремді қолданбай тастап жіберсеңіз, тері екі еселенген проблемамен сізге қайтып оралады.
Диета – статистика көрсеткендей, артық салмақ арылуда кең қолданылатын тәсіл. Дегенмен, әдемі мүсінге жету оңай емес, сондықтан диета ұстау бізге психологиялық тұрғыдан қиын соғып, иммунитетімізді төмендетеді.
Бәріне біздің жалқаулығымыз кінәлі. Таңғы жаттығу, жүгіру, жүзу, аэробика, билеу, міне осылар ғана біздің ең керемет құтқарушыларымыз. Әрі денсаулыққа пайдалы, әрі әдемі мүсін.
сурет: superkarate.ru