Әйел адамның ер адам үшін ғана емес, әлем үшін сұлу болуы маңызды делінеді. «Сұлулық әлемді құтқарады» деген сөздің өзі-ақ әйелдер қауымына үлкен жүк артып тұр. Табиғатынан тәні сұлулар бұл сөздің өздеріне қатысы барын біліп маңғазданады. Ал кереметтей келбеті жоқ арулар көштен қалмай қалай да сұлу болуға тырысады. Бірақ адам қолымен жасалатын сұлулық қаражатты талап етпей ме? «Сұлу» болудың алғашқы қадамдары қанша тұрады?
Қасқа татуаж жасату. Бүгінгі қазақ қыздарының көбіне жасанды қас жасату қас жұлдыру секілді оңай болып кетті. Үлкен әжелердің де, орта жастағы апайлар мен әйелдер қауымының да ең оңай тәсілі осы болған. Қас адам көркін ашатын бет-әлпетінің ең маңызды саналатын бір бөлігі екені рас. Қасы жоқ қыздардың оны күн сайын қаламмен сызып қоюын да түсінеміз. Бұған ерінетіндер қас жасатудың ең қиын түріне барады. Ең сапалы саналатын қас татуаждарын шамамен 14-16 мыңға жасайды.
Қабаққа татуаж жасату. Қабағының үстін немесе астын сызық қылып сызып алу да сәнге айналғалы біраз болған. Қабақты сызу көлемі мен формасына қарай түрлі бағада жасалады. Шамамен қабақтың үстін бағдармен бояуды 10-13 мыңға жасайды.
Ерінге татуаж жасату. Еріндерінің шетін де сызып алатын қыздар барын мойындайық. Еріннің тартымды көрініп, бетке ерекше өң беріп тұруы үшін қыздар бұған да тәуекел етеді. Ал мамандар еш залалсыз еріннің шетін сызып, үлкейтіп беруді 10-13 мың теңгемен бағалайды.
Бет тазарту. Мамандардың көмегімен беттегі артық дақтармен безеулерді кетіру де қиын іс емес. Ол үшін сұлулық салондарына шамамен 10 мың теңгемен кіруге болады. Бір рет бет тазартқан адам сол іске тәуелді болып қалады. Адамның өзінен бұрын бет тазартуға оның терісі тәуелді бола бастайды.
Кірпік жалғату. Бүгінде кірпігі қысқа қыздардың да бұл тығырықтан шығар жолы қарастырылған. Шамамен 15 мыңды қалтаңызға салып алсаңыз, кез келген салоннан кірпігіңізді «көтере» алмай шығасыз. Бірақ ұзын кірпік кем дегендей бір ай ғана көзіңізге сән беріп тұрады.
Бұл – бергі жағы. Бір көргенде «әдемі» көріну үшін қыздардың көбі осы бес қадамнан аттап көреді. Мұның арасында майда-шүйделері де бар. Бірақ бізді қыздардың осы қадамдарды аттауы үшін қалталарында қанша тиыны болуы керектігі қызықтырды. Енді шамамен есептеп көрелік:
«Қарлығаш қанатындай қас» үшін – 15 000 теңге;
«Қиылған көз» үшін – 12 000 теңге;
«Шиедей ерін» үшін – 12 000 теңге;
«Мақтадай бет» үшін – 10 000 теңге;
«Ұзын кірпік» үшін – 15 000 теңге;
Бәрін шамалап есептегенде, өз-өзіне көңілі толмайтын аса сұлу емес қыздарға «сұлу» болу үшін бірінші кезеңге 70 мыңға жуық теңге кетеді. Әрине, егер ол жоғарыдағы қадамдардың бәрінен аттаса ғана... Ал егер тек бір-екі қадамын ғана аттаса, аса көп шығындалмайды. Мына қадамдардың екеуін ай сайын, үшеуін жыл сайын жаңартып тұру керектігі тағы бар.
Жоғарыда көрсетілген бес қадам бет-әлпетке жасалатын жасанды сұлулықтың тек 50 пайызы ғана. Мұнан өзге пластикалық жолмен мұрынға, көз бен қабаққа, құлақ пен ерінге «тиісетіндер» де бар. Мұның құны тіпті жоғары. Ал жалпы денеге жасалатын оталар жайлы не деуге болады? Тек бір ғана нәрсе айта аламыз: «Сұлу» боламыз деп бүкіл табиғи болдмысымыздан айрылып қалмайық, қыздар!