Макияжыңыз ағылып, жағылғанын қаламасаңыз, суға төзімді косметика құралдарын таңдаңыз. Олардың арасындағы ең танымалы - суға төзімді тушь. Оны қолдану зиян емес пе? Бұл тушьті қалай қолданған дұрыс?
Суға төзімді тушьтың құрамына силиконды полимерлер, өсімдік пен мал текті балауыз, парафин кіреді. Олар кірпікті көрінбейтін қабықшаға орап, қар, жаңбыр, жас, тері суларынан сақтайды. Алайда бұл компонеттер кірпікке кері әсер етуілері мүмкін. Олар көздің қышуына, қызаруына, кірпіктердің зақымдануына әкеле алады. Сондықтан суға төзімді тушьті, жалпы суға төзімді косметиканы сирек қолданыңыз.
Тушь жақпас бұрын, кірпікке арналған май не мөлдір гель жақсаңыз болады. Олар тушьтың зиянынан сақтайды.
Суға төзімді тушь алуға бел бусаңыз, оны мұқият таңдаңыз. Қорабында тушь кірпіктерді судан қорғауға арналған деген жазу бар екендігіне көз жеткізіңіз. "Мoisture-proof" деп жазылған тушь өте үлкен ылғалдылыққа төзе алады, яғни бұндай тушьпен суға түсіп, жылай да аласыз. Ал "water-proof" тушь үлкен температураларға төзіп, ақпайды, алайда ылғалға төзімді емес.
Әрине суға төзімді тушьті оңайлықпен кетіре алмайсыз. Су, сабын, тіпті кәдімгі макияж кетіретін сұйықтықтар да бұған жарамайды. Сізге арнайы суға төзімді косметиканы кетіретін сұйықтық керек. Оны мақтаға жағып бірнеше секундқа көзіңізге басып қойыңыз. Содан кейін ғана сүрте бастаңыз.
Ал сіз суға төзімді тушь қолданасыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: kuponi.com.uа