Әр студент қыз жаңа оқу жылына түрленіп, әдемі болып баруды қалайды. Ол үшін оқу киімдерін жаңартып, косметикасын реттейді. Табиғи сұлулықты таңдайтын қыздарға да бет, қол терісі күтімі мен қас, кірпіктерінің күтімі маңызды. Өйткені құрғақ теріні ылғалдандырып отырмаса, көз айналасында мимикалық әжімдер ерте пайда болуы мүмкін, ал майлы теріні күтпеген жағдайда безеулер мен бөртпелермен күресуге тура келеді.
Тері күтімі
Ең алдымен теріні дұрыс тазалау қажет. Күнделікті бет жууға арналған көбік немесе гель алыңыз. Сонымен қатар жансыз жасушаларды кетіріп, терең тазарту үшін аптасына бір рет скраб пайдаланған жөн. Тері типіңізге байланысты түнгі және күндізгі крем, не лосьон қолданыңыз. Ал көз айналасына нәзік теріге арналған арнайы крем жаққан жөн. Егер корей телехикаяларындағы корей қыздарының бет терілеріне қызықсаңыз, олардың көп сатылы бет тазарту процедурасын жасап жүрсеңіз болады.
Теріні тегістеу
Бүгінде бет терісін тегістеуге арналған косметикалық құралдардың түр-түрі бар. Бұл тері типіне қарай таңдалатын тоналды кремдер, BB және СС кремдер, опалар. Егер бетіңізге күнделікті тоналды крем жағудан жасқансаңыз, онда жеңіл текстуралы опа пайдалансаңыз болады. Оның ұнтақталған және жинақы түрлері бар. Біріншісі көбіне тоналды кремнен кейін макияжды бекітуші құрал ретінде жүреді. Дегенмен, бет терісін тегістеуде біраз пайдасы бар. Опа немесе тоналды кремнің қайсын таңдау керектігін білмей бас қатырсаңыз, мына нұқсаулықты оқып көріңіз.
Еңлік
Тоналды крем және опа пайдаланғаннан кейін беттің реңін келтіруге еңлік көмекке келеді. Оны қалай таңдау керек және қалай жағу туралы сайтымыздан оқи аласыздар.
Көз
Көзді баттастырып бояу студент қызға ерсі екені рас. Дегенмен табиғи макияж әркімге де жарасымды, сонымен қатар көз жанарын айқындау да көркіңізді аша түспек. Ол үшін ең алдымен қас пішінін ретке келтіру керек. Бетіңіздің пішініне байланысты қас жұлғышпен қасыңызға форма беріңіз. Ал кірпіктерді айқындауға суға төзімді, көлем беретін және ұзартатын тушьтарды талғамыңызға байланысты таңдаңыз.
Көз бояғыштардан ашық қоңыр, тері реңкіне сай түстерді пайдаланған жөн. Ал егер көз бояуынан мүлде бас тартсаңыз, сүрме де ұтымды нұсқа. Оны дұрыс пайдалану ережелерін мына жерден оқи аласыздар.
Ерін
Ерінге арналған табиғи, бейтарап түсті далаптарды қолдануды ұсынамыз. Сонымен қатар ерін жылтырақтары да студенттер арасында кең танымал. Алайда бұл далап макияжды жиі жаңартып отыруды талап етеді. Макияжды түзеп отырмас үшін тұрақты далаптарға назар аударыңыз. 2014 жылы сәнге айналған далап түстері жайлы да оқи отырыңыз.
Егер қандайда бір себептермен макияж жағудан бас тартсаңыз, тым құрығанда теріні ылғалдандыратын кремдер мен лосьондарды жиі пайдалануға тырысыңыз. Ал бет терісін күні бойы ылғалдандырып отыру үшін термалды суға назар аударуды ұсынамыз. Егер теріңіз қараторы болса, онда арнайы макияж ережелерін де қадағалаңыз.
Сурет: bbface.ru, beauty.violet-lady.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина