Күтім көрмеген шынтақ терісі уақыт өте түсін өзгертіп, қатпарланып, қалың бола бастайды. Терең әжім пайда болып, шынтақтан өң кетеді. Мұның алдын алған жөн.
Неліктен?
Шынтақта май бездері өте аз болады, сол себепті күтім болмаса, қатпарланып кетеді. Оның беткі май қабаты болмайды, сол себепті сыртқы ортаның әсеріне шыдай алмай, өңін беріп жатады. Күңгірт болып көрінетін тері шынтақ терісінің қатпарлануының алғашқы белгісі болып есептеледі.
Жұмыста да, үйде де, басқа жерде болсын, шынтаққа тіреліп отыру әдетке айналғандай. Бұл шынтақ терісін зақымдайды, онсыз да нәзік теріге зиян келтіреді.
Болашақта жеңсіз жейде мен көйлектерді ұялмай кигіңіз келсе, мына кеңестерге құлақ түріп, өз шынтағыңызды күтуді ұмытпаңыз.
1. Күнделікті бірнеше рет шынтақ терісіне ылғалдандыратын, қоректік, дәрумендерге бай кремдер мен лосьондар қолдану керек.
2. Лосьон орнына лимон шырынын қолдансаңыз да болады. Ол күңгірттенген теріні ағартып, жұмсартады. Мысалы, жарты лимонмен шынтағыңызды сүртіп, кішігірім массаж жасаңыз.
3. Суға түскенде шынтақты жақсылап езіп, өлі жасушалардан тазартыңыз. Бұл мақсатта теріге арналған скраб қолданған дұрыс. Мұндай ем-дауадан кейін шынтақ терісіне өте майлы кремді молынан жағыңыз.
4. Егер шынтағыңыздың жағдайы нашар болса, шынтақ терісіне маска жасаған жөн. Зәйтүн, бадам, жүзім сүйектерін, итмұрын майларын қосып, шынтақтарыңызды молынан майлаңыз. Сыртын жақсылап орап, осылайша бір түнге қалдырыңыз.
5. Шынтаққа арналған ванна жасасаңыз болады. Қалаған майларды қосып, кішкене жылытып, шынтақты салып қойыңыз. Артынан шынтақты пемзамен өңдеп, майлы крем жаққан дұрыс.
6. Су негізіндегі сабынды ванна қатып қалған теріні жібітіп, өлі жасушалардан арылта алады.
7. Ал түрлі шөп қосылған ванна теріні жұмсартады.
8. Күнге шықпас бұрын, күн сәулесінен қорғайтын кремді шынтағыңызға да жағуды ұмытпаңыз.