Шығыс халқы ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейді. Осы мақсаттарына жету үшін медитация, дұрыс тыныс алу, йога жаттығулары сынды түрлі техниканы пайдаланады. Осылардың ішінен сіз де қалағаныңызды таңдауыңызға болады.
Шығыс даналарының өсиетін ескеру арқылы деніміздің саулығын қамтамасыз етеміз.
♥ Шашыңызды тараңыз
Бұрымыңызды қолыңызбен немесе массаж жасайтын тарақтың көмегімен тарауыңызға болады. Ең бастысы – шаштың түбінен ұшына дейін 100 рет тараңыз. Бойыңыз жеңілдеп, күйзеліс сезімінен арыласыз. Қан айналымын жақсартып, қан қысымын реттейсіз. Бұл рәсімді таңғы мезгілде жасау арқылы ұйқыңыз ашылады.
♥ Көз жаттығуын жасаңыз
Шығыс медицинасына сенер болсақ, бұл жаттығу көздің көруін жақсартып, бауырды емдейді. Ең алдымен, көзіңізді қатты жұмып, жылдам ашыңыз. Артынша көзіңіздің алмасын солдан оңға қарай 14 рет, сосын кері бағытта 14 рет айналдырыңыз. Бір заттан көз алмай ұзақ қарауды үйреніңіз.
♥ Бетіңізді уқалаңыз
Екі алақаныңызды бір-біріне ысқылау арқылы жылытыңыз. Олар мүмкіндігінше жылы болуы керек. Жылыған алақандарыңызды бетіңізге басыңыз. Артынша ортаңғы саусағыңызды мұрныңыздың желбезегіне қойып, жоғары-төмен уқалаңыз. Аталған жаттығуды күніне 30-40 рет жасаңыз. Ол мидың жұмысын жақсартып, қан айналымын ретке келтіреді. Теріде әжімнің пайда болуын алдын алады.
♥ Есту қабілетіңізді жақсартыңыз
Ең алдымен, алақаныңызбен екі құлағыңызды жабыңыз. Қолыңыздың ортаңғы саусақтарымен желкеңізді 12 рет соғыңыз. Ерекше дыбыс естілуі керек. Артынша ортаңғы саусағыңыз бен сұқ саусағыңызды біріктіріңіз. Осы екі саусағыңызбен желкеңізді қайта соғыңыз. Әрекетті 12 рет қайталаңыз.
Құлақ ауруы мен бастың айналуында көмегі мол. Өзімізді жақсы сезінуге мүмкіндік береді. Шығыста бұл жаттығудың есте сақтау қабілеті мен есту қабілетін жақсартатындығы туралы көп айтылады.
♥ Ішіңізді уқалаңыз
Бетіңізді уқалағандағыдай екі алақаныңызды жылытып алыңыз. Жылы алақаныңызды кіндігіңіздің үстіне қойып, ішіңізді уқалаңыз. Сағат бағытына сәйкес 36 рет, сағат бағытына қарсы 36 рет уқалаңыз. Әрбір уқалаған сайын радиусты кеңейтіп отырыңыз. Жасаған жаттығуыңыз астың жылдам қорытылуын қамтамасыз етеді.
Сурет: rudaki.ru