- Негізгі бет
- Сымбат
- Шугарингті кімдерге жасауға...
Шугарингті кімдерге жасауға болмайды?
Елімізде шугаринг жақсы дамыған болса да және бұл сала бойынша мамандар мен клиенттер көп болса да, кей адамдарды "ол зиян емес па" деген сұрақ мазалайды. Қандай жағдайларда шугаринг зиян болуы мүмкін және оны кімдерге жасауға болмайды?
Шугаринг денсаулыққа қауіп төндірмейді, бірақ кей жағдайларда жағымсыздықтар тудыруы мүмкін:
- Оның құрамына кіретін заттарға аллергияның болуы. Шугаринг жасауға арналған паста, әдетте, табиғи ингредиенттерден жасалады. Алайда паста құрамына кіретін ингредиентке сіздің аллергияңыз бар болып шығуы да әбден мүмкін. Егер аллергияға бейім болсаңыз, ол туралы маманға ескерткеніңіз жөн.
- Физикалық әсер. Шебер пастаны теріге жағып, жылдам қозғалыспен оны шаштармен бірге алады. Бұл теріге механикалық әсер береді. Кез келген әсердің нәтижесі болады. Егер тәжірибелі кәсиби маман болса, тері аздап қана қызарады. Ол әдетте бірнеше сағаттан кейін кетеді.
- Төмен ауырсыну шегі. Шугаринг білінбейтін процедура емес, сіз оны сезесіз. Қатты ауырмайды, бірақ мүлдем ауырмайды деуге де келмейді. Оған қоса, клиенттің ауырсыну шегі өте төмен болса, ол оны қатты сезеді.
Шугарингті қаншалықты жиі жасауға болады?
Бұл процедураны қаншалықты жиі жасауға болатыны әр адамға қарай әртүрлі болады. Орташа есеппен, оны 2-3 апта сайын жасау ұсынылады. Сондай-ақ мына кеңестерді ескерген жөн:
- Косметологтар терінің үстіңгі қабатын 21 күнде бір реттен артық зақымдауды ұсынбайды. Егер адамның зат алмасу процесі қалыпты болса, осы уақыт аралығында шаш қажет ұзындыққа дейін өседі;
- Шаштардың қолайлы ұзындығы - 3-4 мм. Алайда дененің әр бөлігінде шаш әртүрлі ұзындықта және жылдамдықта өседі. Сондықтан шебер клиенттің физиологиялық ерекшелігіне қарай қанша уақыт сайын келіп тұру керегін айтады. Десе де, дәрігерлер шугарингке 3 аптада бір реттен артық бармауды ұсынады.
Шугарингті кімдерге жасауға болмайды?
Шугаринг процедурасына да қарсы көрсетілім бар. Оны мына аурулары бар адамдарға жасауға тыйым салынады:
- Қант диабеті;
- Қант пен балға аллергияның болуы;
- Түрлі тері аурулары;
- Эпилепсия;
- Қатерлі ісік;
- Варикоз.