Шаш нашарлауына көптеген факторлар әсер етеді. Оны бір күннің ішінде қалпына келтіру мүмкін емес, оған ұзақ уақыт бойы дұрыс күтім жасау арқылы жақсы нәтижеге жетуге болады. Шаш күтімін қолға алумен қатар шаштың құрғақ әрі сынғыш болуының негізгі себептерін білген жөн.
Шашты қатты және жиі қыздыру
Фендер, үтіктер және шаш бұйралайтын құралдар термоқорғаныш қолдансаңыз да, шашқа кері әсерін тигізеді. Шаш сынғыш болмағанын қаласаңыз, оған жоғары температуралы аппараттарды жиі қолданбаған жөн. Феннің суық ауасын, ал шаш бұйралайтын қыздырғыш құралдардың орнына бигуди қолдануға тырысыңыз. Шаш түзелейтін құралдың орнына ботокс, ламинирлеу немесе кератинмен түзейтін процедураларға мән беріңіз.
Сусабынды көп мөлшерде қолдану
Сусабынды көп мөлшерде қолдану шашты құрғақ әрі сынғыш етеді. Сондықтан сусабынды бас терісіне ғана қолданыңыз: оның көбігін сумен шайған кезде барлық шаш ұзындығы тазаланады.
Шашты қоректендіруге көңіл бөлмеу
Кондиционерлер мен маскалар тек маркетингтік әдіс емес, олар шынымен де шаш жағдайын жақсарта алады. Бұл құралдар ылғалды сақтап, шашқа қажетті дәрумендер береді. Сондықтан әр шаш жуған сайын шаш типіне сай келетін кондиционер және аптасына бір рет маска қолданған дұрыс. Масканы дүкеннен алуға немесе үйден жасауға болады.
Шашты жиі бояу
Масс-маркетте сатылатын 6-9%-дық тотықтырғыштарды айтпай-ақ, стилистер қолданатын пайызы төмен оксидтердің өзі шаш құрылымына әсер етпей қоймайды. Егер шашыңызды қою түске боясаңыз, әр процедураның арасы аз дегенде бір ай болу керек. Ал шашыңызды ағарту керек болса, арасы ең болмағанда алты ай болуы тиіс. Егер шашты үйде боясаңыз, бояу сыртындағы нұсқаулықты қатаң сақтаңыз.
Су шашты тарау
Су шаш зақымдалуға бейім келеді. Сондықтан су шашты агрессивті түрде тарасаңыз, ол оның ұшталуына және сынуына әкеледі. Шаштағы артық ылғалды жұмсақ сүлгімен сіңіріп алып, оған сумен шаймайтын кондиционер жақсаңыз, ол жеңіл таралады.
Дұрыс тамақтанбау
Сыртқы келбет ағзаның ішкі жағдайын көрсететінін ұмытпайық. Шашыңызды жиі боямайсыз және қыздырғыш құралдарды көп қолданбайсыз, бірақ шашыңыз сонда да құрғақ әрі күтімсіз көрінсе, ағзаға кей пайдалы элементтердің жетіспеуі мүмкін. Шаштың негізгі компоненті — кератин. Оның өндірілуі құрамында мырыш, А дәрумені, ақуыз, темір және биотині бар азық-түліктің күнделікті рационыңызда жеткілікті болуына байланысты. Сондықтан ас мәзіріңізге майлы емес ет, бұршақтылар, жаңғақтар, сәбіз, асжапырақ, сүзбе, жұмыртқа және бауыр қосыңыз.