Жұқа шашқа да көлем беріп, әдемі бұйралауға болады – ол үшін бұйралау, шашты жатқызу мен тараудың барлық ережесін ұстану қажет. Қандай бұйралықты қалайтыныңызға байланысты әртүрлі қысқаштарды, бигудилерді немесе фен мен домалақ щетканы пайдалана аласыз.
Шашты бұйралауға дайындаймыз
Шашты бұйраламас бұрын, оның тазалығына мән беріңіз. Артық тері майы оларды көмескі және ауыр етеді, бұрым дұрыс бекітілмей, тез тарқап кетеді. Шашыңызды жуып, бұрымдарды шашқа көлем беретін кондиционермен өңдеңіз. Басыңызды жақсылап уқалап, кондиционерді шайып тастаңыз.
Шашыңызды жұмсақ орамалмен сүртіп, фенмен кептіріңіз. Бұрымыңыз біраз ылғал күйінде қалғаны дұрыс. Шаш үлгісін бекітетуге арналған мусс немесе спреймен өңдеңіз. Оны шашқа жақпас бұрын алақаныңызда ысытып алыңыз – осылайша оның тегіс жағылуын қамтамасыз етесіз. Шашты түбінен көтеретін мусстарды таңдауға тырысыңыз, олар шашты ауырлатпайды, бірақ қажетті серпімділік береді.
Егер қыздырылған құралдармен шашты бұйраламақ болсаңыз, шашты қызудан қорғайтын крем немесе муссты пайдаланыңыз. Оларды шаштың түбіріне жақын жағыңыз, алайда мөлшерінен артық жақпағаныңыз абзал. Ұзындығы орташа шаш үшін мусстың апельсин көлеміндей мөлшері жеткілікті.
Шаш үлгісін бекітетін өндірістік құрылғылардың орнына үйде жасалған қоспаларды пайдалануға болады. Мысалы, шашыңызды сәндемес бұрын оны сыра немесе зығыр тұқымының тұнбасымен шайып алсаңыз, бұйралау жақсы бекітіледі.
Шашты шиыршықтап, ірі және ұсақ бұйралау
Егер сіз көлемді шаш үлгісін жасағыңыз келсе, шашыңызды ірі бигудимен өңдеңіз. Бет жақтан бастап жалпақ бір бұрымды үлкен жабысқақ бигудиге ораңыз, ал кейін фенмен кептіріңіз. Алдымен бұрымдарды феннің ыстық ауасымен өңдеңіз, ал аяғында шаш үлгісін феннің салқын ауасымен бекітіңіз. Бұл арқылы көлемді шаш үлгісін бекітіп, шашқа жылтыр беруге болады.
Шаш бұйралайтын қысқаштардың арқасында бұрымдарды шиыршықтап, әдемі шаш үлгісін жасауға болады. Шаштың кішкене бұрымын ұшынан бастап түбіріне дейін қыздырылған қысқаштарға ораңыз. Шаш көлемді болу үшін қысқаштарды тігінен ұстаңыз. Сәндеуді артқы және бүйір жақтан бастаңыз, ең соңғы болып бет аймағындағы бұрымды ораңыз. Бәрі біткен соң шаштың сууына біраз уақыт беріңіз. Кейін алақаныңызға лакты сеуіп, шашыңыз табиғи көріну үшін саусақтарыңызбен көпсітіп жіберіңіз. Тарақ пайдаланбаңыз, бұл шаштың бұйрасын құртады. Бұйралар барынша табиғи көрінсін десеңіз, әртүрлі бағытта көпсітіңіз.
Жұмсақ бигудилер арқылы да шашты әдемілеп бұйралауға болады. Олар шашқа еш зиян тигізбейді, сол себепті ұйықтар алдында жасауға болады. Өлшемі мен ұзындығы бойынша қажетті шиыршықты таңдаңыз. Шиыршықтайтын бұрымыңыз жұқа болған сайын, шаш үлгісі көлемді бола түседі. Жеңіл бұйралау үшін бірнеше шиыршық жетеді.
Бұрымды жұмсақ бигудидің бойымен түгел ораңыз. Барлық бұрымды ораған соң басыңызға торлы ау киіп алсаңыз болады немесе бұйраланған шашты өз қалпында қалдырсаңыз болады. Оларды фенмен немесе ауада кептіріңіз. Бұрымдар кепкен уақытта ақырындап шиыршықтарды шешіңіз де саусақтарыңызбен көпсітіп жіберіңіз.
Сурет: hair-mania.ru, woomy.ru, ladyspecial.ru, malinkablog.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина
Оқи отырыңыз:
Шаш сәні: Бигуди түрлері